«Құқықтық тәртіп»: жамбылдық полицейлер 2,7 мыңнан астам құқық бұзушылық дерегін анықтады
Жамбылдық полицейлер 2,7 мыңнан астам құқық бұзушылық дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысында 19 қаңтардан 2 ақпанға дейінгі мерзімде көшелер мен қоғамдық орындарда құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және ашу, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді.
Жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері бұрын жасалған 23 қылмыс дерегі ашылып, іздеуде жүрген 6 күдікті тұлға ұсталды.
Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде полиция қызметкерлерімен 38 бірлік атыс қаруы, 500-ден астам оқ-дәрі, 25 бірлік суық қару және 13 газ гранатасы табылды.
Сонымен қатар, аталған «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы аясында 2783 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды.
– 2 мыңға жуық қараусыз қалған ғимараттар, мыңнан астам құрылысы аяқталмаған нысандар және жалға берілетін 1296 пәтер тексерумен қамтылды, – деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев.