«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы қорытындыланды
Жамбылдық полицейлер «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері биылғы жылдың 22-24 желтоқсаны аралығында өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысын шығарды.
Жедел-алдын алу іс-шараларын өткізуге күшейтілген режимде қызмет атқарған жергілікті полиция қызметінің, криминалдық және әкімшілік полицияның, көші-қон және өзге де бөліністердің 800-ден астам қызметкері жұмылдырылды.
«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасының үш күні ішінде полиция қызметкерлері 42 қылмысты, оның ішінде бұрын жасалған 18 қылмысты ашты.
Сондай-ақ тыйым салынған заттарды заңсыз алып жүрудің және сақтаудың 21 дерегі, оның ішінде тегіс ұңғылы атыс қаруын заңсыз сақтаудың 7 дерегі, жалпы салмағы 3,441 келі есірткі заттарын сақтаудың 13 дерегі және іздеуде жүрген суық қаруды сақтаудың 1 дерегі анықталды.
Мәселен, Мойынқұм ауданында 24 желтоқсан күні тәртіп сақшылары ішкі істер органдарында тіркелмеген тегіс ұңғылы аңшы мылтықтарын заңсыз алып жүргені және сақтағаны үшін 20-55 жас аралығындағы жеті адамды анықтады. Олардың барлығы Мойынқұм ауданының тұрғындары болып шықты.
Барлық деректерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы 1-бөлігі (Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Барлық тіркелмеген қару тәркіленіп, олардың әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Бұдан басқа, тәртіп сақшылары жедел-алдын алу іс-шарасы барысында профилактикалық есепте тұрған 2 мыңға жуық, оның ішінде пробация қызметінің есебінде тұрған 515 адамды тексерді.
Барлығы үш күн ішінде 2 268 әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде ұсақ бұзақылық жасаған 230, тыныштықты бұзған 28, қоғамдық орындарда алкоголь ішкен 222 азамат анықталды.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болғаны үшін 159 ата-анаға қатысты хаттама толтырылды. Көші-қон желісі бойынша тіркеусіз немесе жеке басты куәландыратын құжаттарсыз жүріп-тұрудың 466 дерегі анықталды.
«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары қауіпсіздік белдігін тақпай автокөлік басқарудың 280 дерегін, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 3 дерегін, жаяу жүргіншілердің жүруіне басымдық бермеудің 73 дерегін тіркеді және мас күйінде көлік жүргізген 20 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны және жолды белгіленбеген жерлерден кесіп өткені үшін 391 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды.