«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды
Сарысулық полицейлер биылғы жылдың 5-7 қаңтары аралығында өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күшейтілген режимде қызмет атқарған полицейлер тұрғын үйлер, жалға берілетін пәтерлер мен қараусыз қалған үйлерді аралап, барлығы 80-ге жуық нысанды тексерді.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізілген іс-шара барысында 20 азамат дактилоскопиялық тексеруден өткізіліп, 20 адам ішкі істер органдарының есебіне қойылды. Сонымен қатар профилактикалық есепте тұрған 82 тұлғамен сұхбаттар өткізілді.
– Үздіксіз жүргізілген рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде үш тәуліктің ішінде 128 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде, ұсақ бұзақылық жасаған 13, қоғамдық орындарда алкоголь ішкен 12 азамат анықталды. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болғаны үшін 14 ата-анаға әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ тұрғылықты не уақытша тұратын жері бойынша тіркеусіз немесе жеке басты куәландыратын құжаттарсыз жүріп-тұрудың 50 дерегі тіркелді. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 35 көлік жүргізушісіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, 3 тұрғын автокөлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айрылды. Бұдан бөлек, отбасылық-тұрмыстық салада, сондай-ақ алкогольдік өнімдерді өткізу талаптарын бұзу және тыныштықты бұзу деректері анықталып, тиісті шаралар қабылданды, – деп мәлімдеді Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Алметов.