Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қылмыстық атқару жүйесі ардагерінің естеліктері

13 желтоқсан – қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Ел қауіпсіздігі жолында саналы ғұмырын арнап, аянбай еңбек еткен абзал азаматтар аз емес. Солардың бірі – отставкадағы әділет подполковнигі Шәдібек Ақпанбетов ҚАЖ саласында 22 жыл қиын да қауырт қызметін абыроймен атқарған тұлға. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Қатардағы қызметкерден басталған еңбек жолын сатылап өрлеп, ардагерлікке жеткен Шәдібек Аймаханұлының естеліктері мен айтары мол. 1986 жылы КСРО ІІМ жоғары мектебін тәмамдаған соң, ол сол кездегі Тартоғай ауылындағы 92 еңбекпен түзеу қоныс-колониясына қызметке кіріседі. Арнайы бөлім инспекторы болып бастаған Шәдібек Аймаханұлы кейін жасақ бастығы, тәрбие бөлімі бастығы, жедел уәкіл қызметтерін абыроймен атқарған.

Қызмет барысында талай қылмыстың ашылуына үлес қосқан ардагер сотталған азаматтарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударғанын айтады:

- Сотталғандарды маусымдық егін шаруашылығына, мал ұстайтын базаларға орналастырдық. Олардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасау – басты міндеттердің бірі болды, – дейді Шәдібек Аймаханұлы.

Ол өмірлік ұстанымын Бауыржан Момышұлының "Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды", - деген сөзімен байланыстырады.

– Сотталғандардың түзеліп, қоғамдағы өз орнын табуына еңбек еттік. Қазір көшеде танып қалып, алғысын айтып жатқандарды көргенде еңбегіміздің еш кетпегеніне қуанамын. Бірде Алматы қаласына біліктілікті арттыру курсына барғанымда бір азамат мені танып, алғысын жаудырып, қарт анасы баласының түзелгеніне шын қуанып, батасын берді. Бұл – біздің еңбегіміздің текке кетпегенінің айқын дәлелі. Түрме – жазалау орны емес, тәрбиелеу орны болуы керек, – дейді ардагер.

Қызметтің ауырлығына қарамастан Шәдібек Аймаханұлы өнерден де қол үзбеген. Домбыра мен баян тартқанды жақсы көріп, қол қусырып қалған сәтте өлең жазатын.

- Өнер – жанның тынысы ғой. Қиын қызметтің ортасында жүріп те шабыт табуға тырыстым, – дейді ардагер.

Адал қызметтің үлгісін көрсеткен Шәдібек Аймаханұлының еңбегі – өскелең ұрпаққа өнеге. Ол көрсеткен қажырлы еңбек, адамгершілік пен тәртіпке берілгендік – қазіргі және келешек қызметкерлер үшін бағдаршы болары сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру