Қылмыстық істердегі криптовалюта: Астанада дөңгелек үстел өтті
Ішкі істер министрлігі криптовалютаның қылмыстық мақсатта пайдаланылуы және оның қылмыстық істердегі рөлі жөнінде дөңгелек үстел өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Тақырыпты талқылауға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары мен сарапшылары, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов соңғы жылдары Қазақстан өзінің энергетикалық ресурстары мен қолайлы бизнес-климатының арқасында криптовалюта нарығында маңызды элементке айналғанын атап өтті. Алайда бұл құқық қорғау органдарына, соның ішінде алаяқтық схемаларға қарсы күрес саласында жаңа қиындықтар туғызады. Криптовалютаны заттай дәлел ретінде қауіпсіз және тиімді сақтау үшін бірқатар қатаң рәсімдерді енгізу қажет.
Тәркіленген криптовалютаны сақтау үшін сыртқы әсерлерден қорғалған әмияндарды пайдалану мәселесі талқыланды.
Сонымен қатар дөңгелек үстелге қатысушылар интернет-платформаларды бақылау тетіктерін жақсарту және криптовалюталармен байланысты қылмыстарды тергеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Іс-шара цифрлық активтермен байланысты қылмыстармен күресте құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттыруға көмектесетін ұсыныстармен алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.