Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қылмыстық істерді тергеу – ыждағаттылық пен терең талдауды талап етеді

Қылмыстық істерді тергеу – ыждағаттылық пен терең талдауды талап ететін күрделі жұмыс. Polisia.kz редакциясы ауыр қызметті арқалап жүрген елордалық аға тергеуші Әлима Жамалиеваның «Сақшы» газетіне берген сұхбатын оқырман назарына ұсынады.

Әлима Жамалиева – Астана қаласы полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі. Оның басты міндеттерінің бірі – ақ пен қараның ара жігін айыру. Әртүрлі қиын қылмыстың сырына қаныққан тәжірибелі тергеушінің әңгімесін тыңдап, әр қылмыстың жазылмаған кітап іспеттес екеніне тағы бір көзіміз жетті.

Орындалмаған тапсырыс

Әлима тергеген шулы істердің бірі – тапсырыспен адам өлтіру. Өкінішке орай, бұл – өзара жақын туыстар арасында болған оқиға. А. есімді жәбірленуші әйел осы сұмдық оқиғадан 2-3 ай бұрын өзін өлтіруге тапсырыс берген күдіктіге көп мөлшерде ақша беріп, оны уақытша сақтай тұру жөнінде өтініш айтқан. Әйел жалғыз тұратындықтан, үйінде мұндай ақша ұстауға қорыққан. Ол ақшаны өзінің жездесі, әпкесінің күйеуіне сеніп тапсырды. А. есімді әйел жездесіне қалтқысыз сенетін. Әпкесінің күйеуі балдызының өтінішін қабылдап, қомақты қаражатты уақытша сақтау үшін алып қалды.

Тергеуші Әлиманың тәжірибесінде мұндай қылмыстық істер жиі кездеседі. Сотқа дейінгі қылмыстық істі бүге-шүгесіне дейін жүйелі зерттеу –оның басты міндеті. Сондықтан оқиғаның одан әрі қалай өрбігені бізді қызықтырды.

– Жездесін өзіне сеніп тапсырылған қомақты қаржы қатты қызықтырады. Өйткені, оның басқа адамдарға қарызы болған. Сөйтіп жездесі ақшаның бір бөлігін жәбірленушіге ескертпей жұмсай бастайды. Арада біраз уақыт өткен соң ақшаның бір бөлігін жұмсап қойған ол қалған ақшаны тартып алу мақсатында балдызын өлтіруге шешім қабылдайды. Осы қара ниетін іске асыру үшін күдікті қылмыстық істі жүзеге асыратын адамды іздей бастайды. Ол өзіне 2 млн теңге қарызы бар бұрын бірге жұмыс істеген М. есімді танысына жүгінеді. Оған әйелді өлтіруді мойнына алатын орындаушы табуды тапсырып, сол кезде ғана қарызын кешіретінін айтады. Борышкер танысы М. бұл ұсынысты қабыл алады. Осылайша жездесі өз әйелінің сіңілісін қасақана өлтіруді ұйымдастырған, – деп тергеуші оқиғаны баяндады.

Өз кезегінде күдікті М. бұрын қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотты болған С. есімді танысына жүгініп, әйелді белгілі бір сомаға, яғни 10 мың АҚШ долларына өлтіруді ұсынған. Бірақ С. есімді азамат бұл ұсынысқа келісу үшін кешке дейін уақыт қажет екенін айтады. Бұдан соң С. есімді азамат дереу  құқық қорғау органдарына хабарласып, белгілі бір әйелді өлтіруге тапсырыс алғанын хабарлаған. Полиция қызметкерлері қылмыс туралы ақпарат беріп, хабарласқан азаматпен бірлесіп, аса ауыр қылмыстың жолын кесу және қылмыскерлерді әшкерелеу жоспарын әзірлеуге кіріседі.

Жасырын тергеу әрекеттерін ұйымдастыру үшін полицияға хабарласқан С. есімді азамат күдіктімен арнайы кездеседі. Кездесу барысында тапсырыс бойынша кісі өлтіруге келісіп, қылмыстың жай-жапсары мен жоспарын талқылайды. М. есімді азамат тапсырыс берушіден (жездесінен) алған әйелдің фотосуреті мен мекенжайын, сондай-ақ қылмысты орындау үшін алдын ала төлемін алған.

Бұдан кейін полиция қызметкерлерімен бірге тапсырыспен жалған кісі өлтіру әрекеті жасалды. Бұл ретте А. есімді жәбірленушіге (балдызы) оған қатысты дайындалып жатқан қылмыс туралы хабарланады. Өзін өлтіруге  туысқаны тапсырыс бергенін естіп, әйел қатты шошыған. Ақшаның буымен жүзеге аса жаздаған қылмыстық оқиғаның соңы немен аяқталғанын бізге тергеуші Әлима айтып берді.

– Тапсырыспен адам өлтіруші С. есімді азамат «Әйелді өлтірдім» деп жалған түрде телефонына суретке түсіріп алады. М. есімді күдіктімен кездесіп, оған әлгі суретті көрсетіп, келісілген ақшаның қалған бөлігін алады. Қаражат аударылған соң қылмысты ұйымдастырушы Ш. (жездесі) және М. (борышкер) есімді күдіктілерді полиция қызметкерлері құрықтайды. Ұсталғандардың қылмыстық әрекеттері бірнеше бап бойынша сараланды. Нәтижесінде сот үкімімен айыпталушылар кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, – деді ол.

Ақша бопсалаған

К. есімді келіншек бірнеше жыл бойы танысы тарапынан жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Күдікті үнемі оны «Ақша бермесең, сенің абыройыңды төгемін» деп бопсалайды. Қолында беретін ақшасы болмаған соң  әйелдің ойына неше түрлі ойлар келеді. «Қайтсем ақша табамын?!» деген оймен енді ол түрлі сайттар арқылы өз тәнін сатуды ойластырады. Өз ісінен жиіркенсе де, келіншектің басқа амалы таусылып, осы арам ойын жүзеге асырады. Сөйтіп, тапқан пайдасын өзін қорлаған танысына жіберіп отырады. Ол күн сайын өзін қорқытқан адамға 30 мың теңге мен 100 мың теңге аралығында ақша жіберіп тұрған.

К. тұрмыста еді. Оның айрандай ұйыған отбасы және жақсы көретін балалары бар. Бірақ бір ғана қателіктің соңы осындай үлкен өкінішке ұрындыратынын ол білмеді. Қорқыныш пен абыройының төгілуінен қорыққан ол өзін жәбірлеген адамның айтқанына көнді. Өз көлігін сатып, қарызға батқанымен қоймай, ата-анасы мен туыстарына несие алдыртты. Бірақ абыройдың төгілуінен, «ұят» деген сөзді естуден шаршаған әйелдің бұдан әрі шыдауға күші жетпеді. Бір күні ол полицияға хабарласып, болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін жайып салды. Көп жыл бойы қорқыныш бұлтының астында жасырынған ол өзін бопсалаған адамның  жазаланғанын соншама қалап еді.

Нәтижесінде құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесе отырып, осы қылмысты жасаған адамды әшкерелеу үшін қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізіледі. Күдікті ұсталды. Ұстау кезінде қылмысын жасыру үшін күдікті өзінің телефонын қасақана сындырды. Бірақ тергеу барысында телефондағы деректер қайта қалпына келтірілді. Сөйтіп, күдіктінің телефонынан К. есімді азаматшаны қорқыту және одан күнделікті ақша бопсалау туралы хат алмасулар, сондай-ақ жыныстық сипаттағы бейнежазбалар қайтадан көрініс тауып, қылмысы әшкере болды. Бірнеше жыл бойы қорқытып, ойына келгенін жасаған бопсалаушы күдіктінің кінәсі дәлелденіп, 9 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тастай берік, гүлдей нәзік

Мұндай қылмыстық оқиғаларды тергеу Әлима Жамалиеваның күнделікті жұмысы. Жұмыс уақыты басталған сәттен-ақ ол өзі тергейтін істерге қатысты әрекеттерді, сараптамалық тағайындауларды жоспарлайды. Әрі қарай әріптестерімен бірге бес минуттық жиын жасауды жөн көреді. Оның айтуынша, тыңғылықты жоспарсыз тиімді нәтиже болмайды.

– Оның үстіне қылмыс кез келген уақытта болады. Түн ортасында немесе таңда хабар түссе, бірден оқиға орнына барамын. Ол жерде тергеушілер полицияның жедел уәкілімен және криминалиспен бірге жұмыс істейді. Қылмысқа қатысты барлық нұсқаулықты тергеуші беретінін айтып өтейін. Сондықтан қылмысқа қатысы бар кез келген затты назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Қылмыс орнын толық қарап шыққан соң ғана тергеудің негізгі шараларына кірісемін, – дейді тергеуші өзінің күнделікті қызметіне байланысты.

Әлима бұрынғы Целиноград жерінде туып-өскен, оның ішкі істер саласына келуіне әкесі себепкер болады.

– Әкем менің тергеуші болғанымды қатты қалады. Ол – сәулетші. Бала кезімде маған да сызбалармен жұмыс істеген ұнайтын. Бірақ мен тергеуші болуды таңдадым. Оқуды аяқтағаннан кейін 2006 жылы Астана қаласы полиция департаменті Алматы ауданы полиция басқармасында тергеуші болып жұмыс істей бастадым. Онда үш жыл қызмет атқарған соң Астана қаласы полиция департаментінің тергеу бөліміне ауысып, күні бүгінге дейін осы жерде жұмыс істеп жатырмын, – дейді аға тергеуші.

Әлима Қарағанды қаласындағы ІІМ Б. Бейсенов атындағы академияда білім алған. Ішкі істер органында 20 жылдан астам уақыт қызмет етуде. Негізінен кейіпкеріміз жеке тұлғаларға қатысты ауыр қылмыстық істерді тергейді.

– Мен кісі өлтіру, балалар мен әйелдерге қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық қылмыстарын, сондай-ақ адамдарды тапсырыспен өлтіру, бопсалау әрекеттерін тергеймін. Тергеуші қашан да қылмыстық іс бойынша шындықты анықтап, болған оқиғаны жан-жақты зерттеу керек, тергеуді объективті түрде жүргізу қажет. Тергеуші аналитикалық ақыл-ойға ие және күйзеліске төзімді болуы керек, – деп нақтылады ол өз сөзін.

Жұмыстан бос уақытын Әлима ұлымен бірге өткізгенді жақсы көреді. Одан бөлек, шаңғы тепкенді жаны қалайды.

– Менің ұлымның аты – Арслан. Ол – 5 жаста, балабақшаға барады. Тәрбиешісінің сөзінше, балам анасының полиция қызметкері болғанын мақтан етеді екен. Себебі ол балабақшадағы барлық досына анасының қылмыскерлермен күресетінін үнемі айтып жүретін көрінеді, – дейді ол сүйікті ұлының тәтті қылықтары жайлы әңгімелей отырып.

Тергеу қызметі – ішкі істер органдарының ең күрделі саласы. Сотқа дейінгі қылмыстық іске қатысы бар тұлғаларды анықтау, оқиғаның мән-жайын толық тізбектеп, куәгерлер мен дәлелдемелерді іздеп табу, сондай-ақ қылмыстық сараптамаларды дайындау, олардың нәтижесін салыстыру сияқты тағысын-тағы толып жатқан бөліктерден тұратын тергеу шараларын Әлима Жамалиева кәсіби тұрғыдан жүргізудің шебері екенін оның әріптестері де растайды. Қызметтің қиыншылығына мойымай, табандылық пен төзімділік танытып жүрген нәзік жанды Әлиманың бүгінгі қызметтік келбеті осындай.

Сүйкім ТІЛЕПБЕРГЕН,

Суреттерді түсірген  Медет ӘШІРБЕКОВ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру