Қымбат сағатын жоғалтып алған қарағандылық полицияға жалған ақпарат берген
Қымбат сағатын жоғалтып алған қарағандылық полицияға жалған ақпарат берген, – деп хабарлайды Polisia.kz
Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне 19 жастағы азаматтан арыз түсті. Жәбірленуші арызында кешкілік уақытта үйіне келе жатқанда белгісіз біреу оны пышақпен қорқытып, қолындағы құны 200 мың теңге тұратын сағатын алып кеткені туралы көрсеткен. Сондай-ақ ол күдіктінің жасы шамамен 18-20 жас аралығында екенін, оны көрсе тани алатынын айтқан.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабына сәйкес, қылмыстық іс қозғалды.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында жәбірленушінің жалған ақпарат бергені белгілі болды.
Анықталғандай, ол қымбат сағатын жоғалтып алып, туысқандарынан онысын жасыру мақсатында осындай іс-әрекетке барған. Қозғалған қылмыстық іс ҚР ҚПК-нің 35-бабы 1-тармағы 2-бөлігі, яғни қылмыс құрамы болмауына байланысты қысқартылды.