Қымбат велосипедті ұрлаған астаналық азамат құрықталды
Сарыарқа ауданы полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері 300 мың теңгенің велосипедін ұрлады деген күдікпен 30 жастағы қала тұрғынын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында ер адамның түнгі уақытта оң жақ жағалаудағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласынан қымбат велосипедті байқағаны белгілі болды. Қылмыстық оймен қаскүнем жан-жағында ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң, қауіпсіздік құлпын үзіп, велосипедті алып кеткен.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, заттай дәлелдеме тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Ер адамның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті ұрыларға жем болмас үшін велосипедтерді қараусыз қалдырмауға, сақ болуға кеңес береді.