Қырағы криминалист қызметінің қыр-сырымен бөлісті
Қырағы криминалист қызметінің қыр-сырымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұрып соғу, жарақаттану, ұрлық, бұзақылық, жол-көлік оқиғалары сынды оқыста болатын төтенше жағдайдың салдары мен оқиға орнындағы бұлтартпас айғақтардан нәтиже шығарып, қылмысты анықтауда Арал ауданының полиция бөлімінің жедел криминалистка тобының жұмысын ерекше бағалау керек.
Бүгінгі кейіпкеріміз осы бөлімнің жедел криминалистика тобының криминалисті Нартай Нұртаев жайында болмақ. Полиция аға лейтенанты Н.Нұртаев жедел криминалистика саласында еңбек етіп келе жатқанына біршама жылдың жүзі болды.
Жұмыстан қол үзбей жүріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған Нұртай Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарындағы қызметін 2015 жылдың ақпан айында бастаған.
Алғаш 2015-2016жылдары Қызылорда облысы «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 1-ші полиция батальонының полицейі, 2016 жылдың шілде айынан бастап Арал ауданының полиция бөлімінің жедел криминалистика тобының техник криминалисі, 2021 жылдың сәуір айынан бастап криминалист лауазымында қызмет атқарып келеді.
– Оқиға орнынан алынған айғақ заттарды өңдеп, оларға сараптама тағайындап, қылмыстың ашылуына бірден-бір септігін тигізетіні сөзсіз. Айтуға жеңіл көрінгенмен, бұл жұмыстың артында үлкен жауапкершілік пен тұтас тағдырлар тұрғаны түсінікті. Мұндай жағдайда жедел тергеу тобының жаңылысуына немесе әлдекімнің ығына жығылуына жол жоқ.
Себебі, нақты дәлелденген айғақтардың нәтижесінде қылмысқа қарай жазасы тағайындалады. Криминалистің үш қаруы бар олар, ең бірінші – адамгершілік, екінші – білімі, соңғысы – қызметіне деген адалдығы. Бұл салада ұзақ бөгелу үшін, асқан төзім мен байыпты мінез керек, – дейді полиция аға лейтенанты Нұртай Әлібекұлы.
Ол бос уақытында спортпен айналысқанды жақсы көреді, бөлімнің қоғамдық жұмыстарына белсенділікпен қатысып, өз ісіне мығым және аса жауапкершілікпен қарайтын қызметкер ретінде ұжым арасында сыйлы.
Қызметтік міндеттеріне адалдықпен қарап қызметінде жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін бірнеше рет Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатымен, Қызылорда ОПД-нің Грамотасымен, Алғыс хатымен, бөлімнің және аудан әкімдігінің Алғыс хаттарымен, сондай-ақ «Жедел криминалистика саласына 100 жыл» сонымен қатар «Тергеу қызметіне 60 жыл» мерекелік медалімен марапатталған және 2020 жылы кәсіби дайындығы бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізіп, «1-ші сыныпты маман» біліктілігі берілді.
Ол – жас отбасының тірегі, өмірлік жары Гүлжанат Кайрбаева 3 бала тәрбиелеп отырған жас отбасы.