Қырғыз Республикасының Бас консулы Жамбыл облысының полиция департаментіне барды
Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Жеңісбек Асанқұловпен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу барысында тараптар екі жақты қатынастарды қызметтің түрлі салаларында одан әрі дамытуға сенім білдірді.
Сонымен қатар екі мемлекеттің аумағында ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес бойынша кеңейтілген өзара тиімді ынтымақтастықты алдағы уақытта да нығайту перспективаларын талқылады.
Бақытжан Малыбаев бүгінгі таңда Қырғыз елімен ұрлыққа, заңсыз көші-қонға, есірткі бизнесіне, ұйымдасқан қылмысқа, экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша нәтижелі бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ кездесуде жүргізушілердің көршілес мемлекеттерде жол қозғалысы ережелерін сақтауы, Жамбыл облысында төленбеген айыппұлдары бар Қырғыз Республикасында тіркелген көлік құралдарын анықтау мәселелері талқыланды.
Жиын соңында тараптар мұндай кездесулер жедел ақпарат алмасу тетігін әзірлеуге және қылмысқа қарсы күрестің өзекті мәселелерін шешуге пайдалы екендігіне сенім білдірді.