Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қырықтың бірі қыдыр: үйіне келген қонаққа еліктеп із кесуші атанған полицей

Полиция қызметінде криминалистика саласының алатын орны ерекше. Қылмысты ашу ісінде бұл қызметтің маңызы зор. Қазіргі таңда криминалист мамандығына қызығатын жастар қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – Ерқанат Болатов жайлы Polisia.kz сайты оқырманмен бөлісуді жөн көрді.

Ерқанат Болатов Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-криминалистка бөлімінің криминалисті болып қызмет атқарады.

Ерқанат 1994 жылы 9 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. “Ақмешіт” гуманитарлық-техникалық институтына заңгер мамандығы бойынша оқуға түседі. Әкесінің салған сара жолымен жүріп, әке сөзін екі етпеген ол, аталмыш білім ордасын үздікке тәмамдаған. Ата-ана үмітін ақтау мақсатында Ерқанат Қызылорда қаласына қызметке орналасады. Алғашқы еңбек жолын 2014 жылы Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында бастаған.

– Біздің отбасында полиция қызметінде еңбек еткен адам жоқ. Ал әкемнің досы сол салада жұмыс жасады. Ол кісі келгенде қасына отырамын. Әңгімесіне құлақ саламын. Кейін ол жайында деректер жинауға мән бердім. Жоғары оқу орнында жүргенде сыры көп сала жөнінде білімімді толықтырдым. Келешекте осы сала маманы атануға дайындалып жүрдім. Оқып жүргенде тиісті мекемелерге іс-тәжірибеден өтуге бардық. Сонда арнайы құралдармен жабдықталған чемоданды көзіміз жиі шалатын, – дейді Ерқанат Болатов.

Жас жігіт осылайша криминалистика саласының қыр-сырына қанығуға тырысты. Кейбір уақытта түйінді мәселенің тарқауын сол мамандар шешіп жататын еді. Осының барлығы оған ерекше әсер етті.

– Қиын мамандық қой. Кейін полиция саласына қызметке келгенде де маған оңайға соққан жоқ. Патрульдік бекеттерде жүргенде криминалистиканың қыр-сырын бірте-бірте үйрене бастадым. Жедел тергеу тобының ісіне белсене араластым. Оған терең білімнің қажеттігін түсіндім. Бұл саладағы тәжірибелі мамандардан ақыл-кеңес алдым. Олар қолдау білдірді. Осылайша саланың қиын соқпағына түсіп кеттік. Қылмыстық оқиға орнында әрбір айғақты сүзгіден өткізуге мән бердім, – дейді ол.

Криминалистер жұрттың барлығы біле бермейтін чемоданды арқалап жүреді. Олардың көбісі тұрмыста қолданыла бермейді. Мәселен, ғылыммен ұштасқан ұнтақты қылды қаламмен меңгеру үлкен жауапкершілікті талап етеді.

– Мен 2017 жылдың 5 шілдесінде Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел-криминалистика бөлімінде еңбек жолымды бастадым. Рас, ерекше түсті кеудеше киіп маман ретінде чемодан асынып жүру маған бірден бұйыра қойған жоқ. Бөлімде аға криминалист қызметін атқаратын тәжірибелі маманның бірі маған ақыл-кеңесін айтты. “Қылмыс жасырынды айлаға құрылады, айланы әшкерелеу үшін амал керек, ал амалын табу үшін не керек” деп алдыма криминалистика саласына қатысты том-том болған кітаптарды қойды. Олар мен үшін шешуі жоқ теңдеу секілді көрінді. Сол кітаптарды оқып шықтым. Өзіме қажетті көптеген мәліметтерге кезіктірдім, – деп толықтырды криминалист.

Жаңылуды жаны сүймейтін із кесуші криминалистің үш қаруы бар екенін айтады. Олар: ең бірінші – адамгершілік, екінші – білімі, соңғысы – қызметіне деген адалдығы. Бұл салада ұзақ бөгелу үшін асқан төзім, салқынқандылық, байыпты мінез керек.

Жүктелген зор міндеттің маңыздылығын әбден түсініп, ауыр да жауапты сәтте ұстамдылық танытады. Жасынан өжет, қылмысқа қарсы күрес жүргізу негіздерін шебер меңгерген жігіт Отан алдында қызмет ету жолында көзге түсті. Қылмыс әлеміне қарсы күресте көптеген операцияларға қатысып, қылмыстарды ашқан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру