Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қыстауда жоғалып кеткен балалар аман-есен табылды

Түркістан облысының полицейлері қыстаудан жоғалып кеткен қос балақайды аман-есен тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бір тәуліктен бері екі бала із-түссіз жоғалып кетіп, Түркістан облысының жұртын дүрліктірген болатын. Арыс қаласынан 40 шақырым жерде Қожатоғай а.о. маңында орналасқан Қарағайлы қыстауынан 11 желтоқсан сағат 15:00 шамасында сегіз жастағы Ақжігіт Жұманиязов пен бес жастағы Нұржігіт Жұманиязов есімді қос балақай жоғалған болатын. Бұл туралы олардың анасы, жергілікті тұрғын Арыс аудандық полиция бөліміне арызданған.

Арыз бірден тіркеуге алынып, ауа райының құбылуы мен қос балақайдың жас шамасы ескеріліп, оларды тез арада табу үшін Түркістан облысы Полиция департаментінен тәжірибелі полицейлер, яғни Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аттанған болатын. Оған қоса жан-жақа балалардың айрықша белгілері бойынша хабарламалар таратылды. Әскерилер мен еріктілер де жұмылдырылды.

Олардың барлығы жаяу аймақтың әрбір түкпірі мен шұңқырына дейін тінтіп шықты. Қажетті деген шаралардың барлығын атқарды. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде, бір тәуліктен соң екі бала да дін аман табылды. Қарындары ашып, суыққа тоңып жаурап қалған балаларды Арыс АПБ ювеналды полиция инспекторлары қора-жайдан 10 шақырым жердегі шұңқырдан тапты.

Ойнап жүріп үйлерінен шыққан бағыттан адасып кеткен балалар тамақтандырылып, қажетті көмек көрсетіліп, қазіргі уақытта ата-анасына дін аман табысталды.

Балаларды іздеуге көмектескен әрбір жанға шексіз алғысымызды айтамыз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру