Қызылорда облыстық ҚАЖД мекемесінде бостандыққа шыққан азаматтарға арналған әлеуметтік іс-шара өтті
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесі бостандыққа шыққан азаматтарға арнап әлеуметтік іс-шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын толық өтеп, бостандыққа шыққан азаматқа арналған "Қақпа алдында кездесу" атты әлеуметтік іс-шара өтті. Бұл игі шараға қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары, қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу мен оңалту орталығының қызметкерлері, сондай-ақ қалалық пробация қызметінің инспекторлары қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – темір тордан босап шыққан адамның қоғамға сәтті бейімделуіне жәрдемдесу. Мамандар оған әлеуметтік байланыстарын қалпына келтіру, кәсіби білім алу мен біліктілігін арттыру, жұмыспен қамту, медициналық қызметке қол жеткізу, құқықтық көмек алу және құжаттарын қайта рәсімдеу мәселелері бойынша жан-жақты кеңес берді.
- Бүгін мен үшін ерекше күн. Бостандықтың қадірін шынайы сезіндім. Бір жыл бойы осы күнді тағатсыздана күттім. Енді отбасыммен, жақындарыммен қауышамын. Бүгінгі кездесуде мамандардан маңызды кеңестер алдым. Маған қандай мекемелерге жүгіну керектігін, кімнен көмек сұрауға болатынын түсіндірді, – дейді бостандыққа шыққан азамат.
Темір тордың арғы жағындағы өмірді артта қалдырған азаматты қақпа алдынан оның туған-туыстары күтіп алып, қуанышпен қарсы алды.