Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан қос қызметкер марапатталды

Ішкі істер министрлігінде Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы атап өтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қос мерекеге арналған думанды шараға ардагерлер, тыл еңбеккерлері, полиция қызметкерлері мен ұландықтар қатысты. Жиналған көпшілікті министр Ержан Саденов құттықтады.

- Қадірлі ардагерлер! Құрметті әріптестер! Сіздерді ерліктің символына айналған қос мереке - Отан қорғаушылар және Жеңіс күндерімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күндер - халқымыздың қаһармандығы мен бірлігінің, тарих алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі. Мемлекет басшысы "Тәуелсіз елдің қорғаны мықты болуы шарт. Отанды қорғау - әр азаматтың қасиетті борышы" деп атап өтті. Мереке құтты болсын! - деді Ішкі істер министрі.

Марапат алғандардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рахимов болды. Жасы бір ғасырдан асқан ақсақал ғұмырын ішкі істер саласына арнаған.

Полицейлер мен ардагерлерден бөлек, бұл күні қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан тәртіп сақшыларының есімі ұлықталды. Олардың қатарында Жәлелхан Мұрымбаев пен Иват Мумбаев бар. Айбынды ерлердің туыстарына мемлекеттік марапат табысталды.

Милиция сержанты Иват Мумбаев ішкі істер органдарына 1990 жылы келген. Ол 1992 жылы Орал қаласында үш бұзақыны құрықтау кезінде пышақ жарақатынан көз жұмды.

Жәлелхан Мұрымбаев та погонды еңбек жолын 1990 жылы бастаған. Шығыс Қазақстан облысында қызмет еткен ол 2001 жылы қар құрсауында қалып қойған жолаушыларды құтқарып қаза тапты.

Мерекелік іс-шара арнайы концертпен жалғасты. Отан қорғаушылардың құрметіне эстрада жұлдыздары ән шырқады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру