Қызмет бабында қайтыс болған полицейдің отбасына көмек көрсетілді
Сарыағаштық полицейлер қайырымдылық жасап, қызмет бабында қайтыс болған полицейдің отбасына көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Біз біргеміз!» акциясы аясында Сарыағаш АПБ басшысының орынбасары Әбдіғани Ибраимов пен тергеу және анықтау бөлімшесінің қызметкерлері рамазан айында игі іс жасады.
1988 жылы қызмет бабында қайтыс болған полиция қызметкері Бағдәулет Елшинбековтің отбасына барып, артында қалған жұбайына, ұл–қыздарына күнделікті қажетті азық–түліктерін жеткізді.
Базаркүл Ахметова: «Полицейлердің жұмысы өте ауыр. Онымен жақсы білемін. Сол үшін сендердің жұмыстарыңа табыс, бастарыңа амандық тілеймін. Рахмет, елеп–ескеріп, аналарды қуантуға уақыт тапқандарың үшін», – деп шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Полицейлер оған қоса, жалдамалы пәтерде тұратын көпбалалы ананың үйіне барып, бірінші кезекте қажетті, күнделікті қолданатын азық-түліктер жеткізіп берді. Көпбалалы ана Ұлжан полицейлердің қайырымдылық әрекетіне дән риза болып, өзінің алғысын білдірді.
Әбдіғани Ибраимов: «Елімізде таралған індеттің салдарынан, облысымызда карантин жарияланды. Оның үстіне ораза айы да келіп жетті. Осындай сәтте сыртқа шыға алмай отырған отбасыларына күнделікті тұтынатын, ас–ауқат жасайтын заттарын жеткізіп бергіміз келді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек», – деп атап өтті.