Қызмет бабында қайтыс болған шымкенттік полицейдің отбасы назарсыз қалған жоқ
Қызмет бабында қайтыс болған шымкенттік полицейдің отбасы назарсыз қалған жоқ, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әр жылы Отбасы күнінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері үшін бұлжымас дәстүр бар. Ол – үзеңгілес болған қаруластарын, қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайтыс болған марқұм жолдастарын бір ауық еске алу. Бұл жолы да әдеттегідей тәртіп сақшылары Тайыр Шералиевтің отбасына арнайы бұрылып, отбасы мүшелерін айтулы мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.
Осылайша Әл-Фараби АПБ тәртіп сақшылары 2009 жылдың 7 шілдесінде Алматы қаласында күдіктіні құрықтау барысында қаза тапқан Тайыр Шералиевтың шаңырағына барды. ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыстарға қарсы күрес басқармасының аса қауіпті қылмысқа қарсы күрес бөлімінің шұғыл уәкілі болып қызмет атқарған марқұмның жанұясы, артында қалған ұл-қыздары мен ата-анасының амандығын біліп, сый-сияпат жасады.
Еске салайық, Тайыр Шералиев 2009 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен l l – Дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталған полиция аға лейтенанты. Оның осындай көзсіз ерлігі мен батылдығын үлгі тұтқан әріптестері оның ерлігін ұмытпақ емес.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері небәрі 23 жасында қыршынынан қиылған, ел қорғаны бола білген Тайыр Нақыпжанұлың ерен еңбегін ұлықтау міндетіміз деп біледі.