Қызмет пен әкелік парызды қатар арқалаған тәртіп сақшысы
Қызметінде адалдық пен табандылықты ту еткен полиция қызметкері Қуаныш Таныбаев – өмірдің сынағына қайыспай төтеп беріп, бес баласына мейірім мен қамқорлық дарытып отырған әке, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция майоры Қуаныш Таныбаев – ішкі істер органдарының тәжірибелі маманы ғана емес, әкелік мейірім мен жауапкершіліктің де жарқын үлгісі.
Ол 18 жылдан бері полиция қатарында абыроймен қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда ШҚО ПД патрульдік полиция батальоны кезекші бөлімінің аға инспекторы лауазымын атқарады. Жылдар бойы әріптестері оны өз ісіне адал, жауапкершілігі мол, жанқиярлықпен еңбек ететін азамат ретінде таниды.
Бірақ оның ең үлкен қазынасы – отбасы. Қуаныш бүгінде бес баланың әкесі: үш қызы мен екі ұлы бар. Үлкені студент атанса, кенжесі небәрі үш жаста. Алайда екі жыл бұрын отбасы орны толмас қасіретті бастан өткерді – асыл жары өмірден өтті. Содан бері әкелік парыз бен барлық ауыртпалық Қуаныштың иығына артылды. Осы сындарлы сәтте оған ата-анасы мен марқұм жұбайының әке-шешесі қолдау көрсетіп келеді.
Жаңа оқу жылы қарсаңында оның шаңырағына әріптестері арнайы барып, балаларды Білім күнімен құттықтады. ШҚО ПД бастығының орынбасары Серік Манапов пен патрульдік полиция батальонының басшылығы бүлдіршіндерге мектеп сөмкелері, оқу құралдары, ойыншықтар мен тәттілер сыйға тартты. Отбасыға зор денсаулық, мол бақыт және береке тіледі.
Әріптестері Қуаныштың еңбекқорлығын да, әкелік жанқиярлығын да мақтан тұтатындарын ерекше атап өтті.
— Қуаныш Таныбаев – батылдықтың, рух мықтылығының әрі адалдықтың айқын бейнесі. Ол тек Отанға адал қызмет етіп қана қоймай, отбасына да берік тірек болып отыр. Балаларына мейірім мен қамқорлық сыйлап, болашаққа сенім ұялатады, — деді С. Манапов.
Қуаныш үшін 1 қыркүйек – жай ғана мереке емес, жүрекке ерекше жақын күн. Балалары мыңдаған оқушымен бірге жаңа білім мен арманға толы белеске қадам басуда. Ал олардың жанында бар қиындыққа мойымай, өз өнегесімен жақсылыққа сенуді, күшті болуды және мақсатқа жетуді үйретіп жүрген әке бар.