Қызмет пен отбасы: Қос жауапкершілікті арқалаған ана
Қазіргі қоғамда нәзік жанды арулардың еңбекте ерлермен тең дәрежеде қызмет етіп, ауыр жұмысты абыроймен атқарып жүргенін жиі көреміз. Олар тек кәсіби міндеттерін ғана емес, отбасы алдындағы жауапкершілікті де қатар алып жүріп, өмірдің қос қанатын тең ұстауға тырысады. Солардың бірі – Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметінде еңбек ететін бес баланың анасы, әділет майоры Жанар Сұлтанова туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Жанар Орынбайқызының құқық қорғау саласындағы еңбек жолы 17 жыл бұрын басталды. Бала кезінен нысанды киім киген адамдарды көргенде қызығып, осы мамандықты таңдауды армандаған. Бүгінде ол сол арманының жемісін көріп, қызметіне деген адалдығы мен кәсібилігінің арқасында үлгілі маман ретінде танылып жүр.
– Мен бала күнімнен құқық қорғау саласында қызмет етуді қаладым. Ата-анам менің арманымды қолдап, үнемі қанаттандырып отырды. Өзім осы салаға бет бұрған жалғыз адам болсам да, ешқашан таңдауыма өкінген емеспін. Себебі бұл менің жүрек қалауым, – дейді Жанар Сұлтанова.
Қызметі қанша ауыр болса да Жанар Орынбайқызы отбасы мен аналық міндетін ешқашан екінші орынға қоймаған. Бес баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Әрине мұндай жауапты қызметтегі әйел адамға отбасынан қолдау қажет. Бұл тұрғыда Жанардың жолы болғанын айта кеткен жөн. Өйткені оның өмірлік серігі Нұрбол әрдайым түсіністік танытып, жан-жақты қолдау білдіріп келеді.
Қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінде 52 әйел азамат қызмет етеді. Олар бұл мамандықтың қиындығына, қауіптілігіне қарамастан, өз міндеттерін абыроймен атқарып келеді. Әсіресе пробация қызметінде жұмыс істеу – төзімділік пен мейірімділікті талап ететін күрделі сала. Жанар Орынбайқызы осы қасиеттерінің арқасында қаншама адамның түзелуіне ықпал етіп, өміріне оң өзгеріс енгізуге септігін тигізді.
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен осындай батыл, қайсар аналардың еңбегі қашан да құрметке лайық. Жанар Сұлтанова – қызметіне адалдығы мен отбасындағы берекесі арқылы нағыз үлгі бола білген жан.