Қызмет пен отбасын үйлесімді ұштастырған полиция қызметкерлері
Қызмет пен отбасын үйлесімді ұштастырған полиция қызметкерлері мереке күндері күшейтілген тәртіпте жұмыс атқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ермаханбет Сапарбеков пен Айгерім Атықай – қызмет пен отбасын үйлесімді ұштастырған полиция майорлары. Олар үшін полиция қызметі – ар мен абыройдың, ал отбасы – махаббат пен сенімнің символы. Ерлі-зайыптылар жаңа жылдық мерекелерде де ел тыныштығы үшін күшейтілген тәртіпте еңбек етуде.
2013 жылы ІІМ академиясында танысқан Ермаханбет пен Айгерім қызмет жолында бір-біріне сүйеу болып келеді. 10 жылдан бері полиция қатарында адал еңбек етіп жүрген олар бүгінде үш қыздың ата-анасы. Еркеназ, Қарақат және Еңлік – отбасының бақыт шырайы.
Қазіргі таңда Ермаханбет – табиғатты қорғау тобының аға инспекторы, ал Айгерім – ювеналдық полиция тобының аға инспекторы. Екеуі де түрлі марапаттарға ие болып, қоғамдық тәртіпті қорғауда өздерін көрсетіп жүрген нағыз мамандар.
– Жаңа жылдық мерекелерде күшейтілген режимде жұмыс істейтіндіктен, балаларымызды алдын ала құттықтадық. Отбасымыздың қолдауы мен түсінігі – біз үшін басты күш. Елімізге тыныштық, береке тілеп, өз міндетімізді адал атқара береміз, – деген жүрекжарды лебізін білдіріп, ерлі-зайыпты полицейлер әдеттегідей қоғамдық тәртіпті қадағалауға қызметке кірісті.