Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет пен қолөнерді ұштастырған ару

Қуанышкүл Өтемісқызы – өз ісіне адал, ұжымында жоғары беделге ие маман. Ол құқық қорғау саласындағы еңбек жолын 2007 жылы бастаған. Алғашқы қызметі – ГМ-172/1 мекемесінде бақылаушы маман болып басталып, осы саланы абыроймен атқарып келеді. 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай Polisia.kz сайты өз ісінің маманы туралы ақпаратты назарларыңызға ұсынады. 

Қуанышкүл Өтемісқызы – құқық қорғау саласында көрсеткен үздік қызметі үшін ҚР ІІМ министрінің алғыс хатымен, құрмет грамотасымен марапатталып, Конституция күніне орай өткен қызметтік атудан жүлделі үшінші орынға ие болды. Бұл оның табандылығы мен кәсіби шеберлігінің айқын көрінісі.

- Қызмет – менің жауапкершілігім, отбасы – менің тірегім, қолөнер – менің жан дүниемнің айнасы, – дейді Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №43 мекемесінің бақылау қызметінің аға бақылаушысы Қуанышкүл Ермаханова.

Алайда Қуанышкүлдің өмірі тек қызметпен ғана шектелмейді. Ол – үш баланың аяулы анасы, отбасының ұйытқысы. Қазіргі уақытта оның тұңғыш ұлы Ұлттық ұлан сапында Отан алдындағы борышын өтеп, Астанадағы әскери бөлімде қызмет етуде. Болашақта әскери салада қызметін жалғастыруды мақсат еткен ұлының бұл шешімін ана жүрегі қуана қабылдайды.

- Әскер – ер жігітке үлкен мектеп. Ұлымның форма киіп, сап түзеген сәтін көргенде, менің алғашқы форма киген кезім көз алдыма келеді. Менің жүріп өткен жолым оған да шабыт берсе, аналық парызымның бір өтеуі сол болмақ, – дейді Қуанышкүл.

Қызмет пен отбасылық өмірден бөлек, Қуанышкүлдің тағы бір ерекше қыры бар. Ол – қолөнерге деген шексіз сүйіспеншілікпен танылған адам. Қазақы құрақ көрпе тігу, қыз жасауының сәнін келтіру – оның бала күнінен бері сүйікті ісі. Бұл өнер оған анасынан дарыған.

- Анам үнемі: "Қызым, қолөнер – қыз баланың абыройы, әр тігісіңде жүрегіңнің жылуы болсын", - деп айтатын. Сол сөз әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұрады. Қолыма ине-жіп алсам, анамның аяулы бейнесі көз алдыма келеді, – дейді ол.

Бірде жұмыстан кеш қайтып келіп, шаршап отырып тігін машинасының жанында ұйықтап қалыпты. Балалары күліп: «Анашым, формаңызбен, погондарыңызды тағып алып, көрпе тігіп отырғаныңызды бірінші рет көруіміз!» – деп оятқан екен. Осындай сәттер Қуанышкүлдің өмірінде жиі кездеседі.

Қуанышкүл бүгінде мекеме аумағындағы бейнебақылау камераларын қадағалайтын бақылаушы оператор қызметін атқарады. Бұл – жоғары жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Әр кадр, әр қозғалыс оның қырағы назарынан тыс қалмауы керек. Дәл осы қызметіне деген мұқияттылығы, отбасы мүшелеріне деген шексіз махаббаты мен қолөнерге деген сүйіспеншілігі – оның өміріндегі үш маңызды тірек.

- Қызмет пен отбасы, ұлттық өнер – менің өмірімнің үш тағаны. Бірінсіз-бірі мағынасыз. Осы үшеуін тең ұстап, адалдық пен еңбекқорлықты балаларымның бойына сіңіру – менің басты парызым, – дейді ол.

Қуанышкүл Ермаханова – тек қызметіне адал маман ғана емес, қолынан өнер тамған ісмер, ұлттық құндылықтарды дәріптеуші және ұрпаққа үлгі боларлық ана. Оның тағылымды өмір жолы, еңбекқорлығы мен өмірлік ұстанымы – көпке өнеге.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру