Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет пен спорттағы кәсібилік

Полицияның аға лейтенанты Георгий Обухов Отанға адал қызмет етіп қана қоймай, қарсылас қақпасына шайба соғуда да үздік болуға болатынын дәлелдеп жүр, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласында өткен КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Борис Александровты еске алуға арналған әуесқой командалар арасындағы хоккей чемпионатында полицейлерден құралған “Oskemen командасы бірінші орынды иеленді. Турнир қорытындысы бойынша Георгий үздік шабуылшы атанып, финалдық ойында хет-трик жасап, командасының жеңісіне зор үлес қосты.

Хоккей — аға лейтенанттың жай ғана әуестігі емес, өмірінің бір бөлшегі. Георгий бала кезінен хоккеймен айналысады. Ол “Торпедо”, “Бейбарыс”, “Мұнайшы” сынды бірқатар кәсіби клубтардың намысын қорғап, кейбірінде капитан болған. 22 жасында үлкен спорттағы мансабын аяқтағанымен, қоғамға пайдалы болудың жолын іздеп, 2023 жылы ішкі істер органдарына қызметке орналасқан.

— Полициядағы қызмет те, хоккей де тәртіпті, төзімділікті және командамен жұмыс істей білуді талап етеді. Жеңіске жету — тек спортта емес. Бұл — жұмыстағы әрбір күн, әрбір қадам мен шешімнің маңыздылығы, — дейді Георгий.

Онымен бірге “Oskemen” командасының намысын полиция майоры Серік Шидеринов та қорғады. Ол хоккеймен 30 жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Алты жасында алғаш рет мұз айдынына шыққан Серік спортпен әлі күнге дейін белсенді шұғылданады. Өткен жылы ол Георгиймен бірге ислам елдері арасындағы халықаралық турнирде Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, команда екінші орын алған болатын. Ал 2025 жылы олар Қазақстан Республикасының қысқы Спартакиадасының жеңімпаздары атанды.

Қызмет пен спорт — олар үшін бір-біріне қарама-қайшы емес, бір мақсатқа бастайтын жол. Полиция қызметінде де, хоккейде де сабыр, командалық рух және соңына дейін күресу қабілеті аса маңызды. Георгий Обухов пен Серік Шидеринов бұл қасиеттерді сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүр. Сондықтан олардың үлгісі — тек жарыстардағы жеңіс туралы емес, күн сайын қажет болатын мінез күші жайында. Спорттық немесе полицейлік формада болсын — бұл қасиеттер әрдайым адами құндылықтарға жетелейтін құндылықтар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру