Қызмет пен спортты ұштастырған: көлік полицейі Еуропа чемпионатының жүлдегері атанды
Көлік полицейі Еуропа чемпионатының жүлдегері атанды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкері Алдияр Серекбаев - қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық аренада бақ сынап жүр.
2024 жылы ішкі істер органдарында қызмет етуді бастаған А. Серекбаев бүгінде Көліктегі ПД Жезқазған станциясындағы желілік полиция бөлімінде кезекшінің көмекшісі лауазымында қызмет атқарады. Ол көлік нысандарында құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында күнделікті жауапты қызметті абыроймен атқаруда.
Сонымен қатар Алдияр салауатты өмір салтын ұстанып, пауэрлифтинг спортымен кәсіби түрде айналысады. Оның қажырлы еңбегі мен төзімді жаттығулары биыл халықаралық деңгейде лайықты бағасын алды.
2025 жылғы 9–12 мамыр аралығында Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында “IPL пауэрлифтинг федерациясының” ұйымдастыруымен өткен Еуропа чемпионатына 1161 спортшы қатысты. Жарысқа Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан және басқа да елдердің атлеттері қатысып, өзара жеңімпаздарды анықтады.
Белді мемлекеттердің небір дүлділдері қатысқан дүбірлі жарыста А.Серекбаев 75 келі салмақ дәрежесінде, 20-23 жас аралығында зіл темір көтеруден үшсайыс жарысы бойынша тамаша нәтижелерге қол жеткізді, атап айтқанда, штанганы жатып көтеруден 105 келі зіл темірді көтерді. Ал штанганы белге көтеруден 207,5 келі зіл темірді еркін көтеріп – I орынды және штангамен отырып тұру 135 келі зіл темірді көтеріп – II орынды иеленді.
Осылайша, көлік полицейі зіл темір көтерудің үшсайысы бойынша жалпы 447,5 келі көтеріп абсолютті сынақта – II орынды жеңіп алып. Сөйтіп, Еуропа чемпионатының жүлдегері атанды.
Бұл – ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби борышын атқара отырып, спортта да биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдейтін жарқын мысал. Әрі жас сақшының бұл жетістігі – жас буынға, қызметтестеріне үлгі.
Өз кезегінде, біз қызметіне де шын берілген әрі спорт десе жанын салып, аянбай жаттығып, жүлделі орындар иеленіп жүрген Алдиярды осы жеңісімен құттықтап, алға қойған асыл мұраттарына жетуіне тілектестік білдіреміз.