Қызмет жолын бірге бастаған егіз криминалистер
ҚР ІІМ Алқа отырысына петропавлдық егіз Коваленколар қатысуда. Олар Астанаға ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының үздік бес түлегінің қатарында келіп отыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Захар мен Назар Коваленко полиция мамандығын мектепте оқып жүргенде таңдаған – екеуі де құқықтануға қызығушылық танытып, әділеттілік жолында қызмет атқаруды мақсат еткен. Сонымен қатар олар оқушы кезінде бірқатар спорттық жетістіктерге қол жеткізген. Бала кезден әділетсіздікке төзбейтін егіз жігіттер өз өмірлерін полиция қызметімен байланыстыруды ұйғарған. Осылайша, академияға сәтті түсіп, бүгінде оқу орнын үздік аяқтады.
16 маусымнан бастап ағайынды Коваленколар Петропавл қалалық полиция басқармасының бөлімшелерінде криминалист болып қызметке кірісті. Алғашқы күннен-ақ жас қызметкерлер қызу жұмысқа араласты: қылмыс орындарын тексеру, жауап алу, тінту және өзге де тергеу әрекеттері.
- Біз осындай өмір жолын таңдағанымызға қуаныштымыз. Азаматтардың игілігі үшін қызмет атқару, қылмыскерлерді әшкерелеуге көмектесу, елдегі өмірді қауіпсіз ету – бізге ұнайды. Мұны бірге атқарып жатқанымызға да қуанамыз. Біз, егіздер, күш – бірлікте деген сөздің мәнін жақсы түсінеміз. Егер барлығы Заңды сақтаса, біз біртұтас әрі мықты мемлекет боламыз. Алқаға қатысу – біз үшін үлкен мәртебе. Президентіміздің сөздерін жадымызда сақтап, қызмет барысында басқаларға үлгі ету – біздің жауапкершілігіміз, – деді Назар Коваленко.