“Қызметімде басты ұстанымым – әділдік“: шымкенттік шенді ару
8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Polisia.kz редакциясы қос иығына погон тағып, ерлермен қатар елі мен жерінің тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген арулар жайлы ақпарат ұсынбақ.
Қыздың мінезіне тән жұмсақтық пен офицердің қаталдығын үйлесімділікте ұстай білген полиция қызметкері – Ақбота Тастемирова. Аса маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген ару – Шымкент қаласының Полиция департаменті Анықтау басқармасының аға анықтаушысы.
Бұл саланың қызметкерлеріне жүктелген жауапкершілік жоғары екені белгілі, өйткені ақиқаттың ақ-қарасын зерттеу сауаттылық пен біліктілікті, мүлтіксіз қызметті және төзімділікті талап етеді. Ішкі істер органдарында ерлермен иық тіресіп қызмет етіп келе жатқан полиция капитаны Ақбота Тастемирова осы қасиеттерге ие тұлға.
– Полиция қызметкері болу – бала кезімнен арманым еді. Мектепті бітірген соң осы арманның жетегінде жүріп, заңгер мамандығын таңдап, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетіне оқуға түстім. Оқуымды үздік тәмамдап, ішкі істер органындағы жұмысымды 2016 жылы елордамыздағы Алматы ауданының полиция бөлімінде аға тергеуші қызметінен бастадым. Шымкент қаласының тәртіп сақшыларының қатарына 2019 жылы қосылдым. Құқық қорғаушы мамандығының қызығымен қатар қиындығы да баршылық. Бірақ өзімнің таңдаған жолым болған соң ешқандай қиындықтарға мойымаймын. Іс сотта қаралып, үкімі шығып, нәтижесін беріп жатса, сол кезде біздің еңбегіміздің ақталғаны деп білемін. Полиция – әйел заты бара бермейтін мамандық екені белгілі. Бұған қарамастан, мен отбасымды да, сүйікті кәсібімді де қатар алып келемін. Ата-анам мен бауырларыма әрдайым қолғанат болып, барынша көп уақыт көңіл бөлуге тырысамын. Қызметімде басты ұстанымым – әділдік. Анықтаушы үшін жұмысты дұрыс жоспарлау, әрбір қылмыстық істің ақиқатын, шындығын табу – басты міндет, – дейді шенді ару.
Қызмет жылдарында Ақбота Тастемированың еңбегі жоғары бағаланып, ол ҚР ІІМ-нің және департаменттің бірқатар арнайы марапаттарына ие болған. Полиция қызметкерінің осындай жетістіктері оның алдағы уақытта да жұмысын қарқынды жалғастыруына сеп болмақ.