Қызметіне адал тәртіп сақшысы
Қазақстан полициясы күні қарсаңында Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Маулен Ахметов патрульдік полиция полкінің инспекторы Мақсат Мусиннің шаңырағына арнайы барып, қызметіне адалдығы мен антына беріктігі үшін алғысын білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақсат Мусин ішкі істер органдарында 13 жылдан бері қызмет етіп келеді. Полицей - үш баланың қамқор әкесі. Көп жылғы тәжірибесімен қатар, әріптестерінің жадында мәңгі сақталатын ерлікке толы ісімен ерекшеленеді.
Өткен жылдың 1 қыркүйегінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Мақсатқа белгісіз ер адам шабуыл жасап, арқасынан пышақ сұққан. Қылмыскер сол сәтте қолға түсіп, қамауға алынды. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, Мақсат оңалып шыққан соң, қызметіне қайта оралды.
- Мен үшін шен мен форма жай жұмыс емес, бұл - борыш, - дейді тәртіп сақшысы.
Аталған оқиға полицейлердің сын сағатында көрсететін табандылығы пен жанқиярлығының нақты дәлелі. Қоғам тыныштығының сақшылары - өз өмірін қатерге тігіп, өзгелердің амандығы үшін күресетін жандар.