Қызметіне адал жедел уәкілдің бір күні
Полиция қызметкері Қанат Қайыргелдинов жедел уәкіл болуды бала күнінен армандаған. Бүгінде ол Павлодар облысының криминалдық полициясында мүліктік қылмыстарды ашу бөлімін басқарады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел уәкілдің еңбегі – полиция қызметіндегі ең күрделі, бірақ сонымен қатар ең қызықты салалардың бірі. Бұл салада еңбек етуді армандайтындар көп болғанымен, мұнда тек өз ісінің шеберлері ғана табан тірей алады. Қанша сериалдар мен фильмдер түсірілгенімен, олардың ешқайсысы жедел қызметкерлердің шынайы күнделікті жұмысын толық көрсете алмайды.
– Қылмысты ашу барысында жедел уәкіл қылмыскердің ойымен өмір сүреді, оның әр қадамын алдын ала біледі деген түсініктердің барлығы – аңыз ғана, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының мүліктік қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы Қанат Қайыргелдинов.
Оның айтуынша, жедел қызмет – бұл төзімділік пен өзара көмекті талап ететін орта. Бұл – күн сайынғы тәуекел, өзін құрбан етуге дайын болу, көрінбейтін, бірақ жауапкершілігі зор еңбек. Жедел уәкіл әрдайым дайындық үстінде жүреді, ол үшін жұмыс уақыты деген ұғым жоқ. Кез келген жерде, кез келген уақытта қылмыспен бетпе-бет келуі мүмкін.
– Жедел уәкілдің басты қасиеттерінің бірі – адамдардың сеніміне ие бола білу, тіл табысу. Оларды әмбебап мамандар деп бекер атамайды. Жедел уәкіл тек заңды жақсы білумен шектелмей, психологтың да, дәрігердің де кейбір дағдыларын меңгеруі тиіс. Біз медициналық терминдерді, диагноздарды түсінеміз, адамның анатомиясын білеміз, – дейді ол.
Қанат Қайратұлы жедел уәкіл болуды бала кезден армандағанын айтады.
– Достарыммен ойнағанда үнемі "мен –полиция қызметкерімен" дейтінмін. Біздің әулетте полицияда істеген ешкім болған жоқ, үлгі тұтқаным – кинодағы жедел уәкілдер. Туған жерім – Екібастұз өңіріндегі Ақкөл ауылы. 2003 жылы Қарағанды Жоғары милиция мектебіне оқуға түсіп, 2007 жылы оқуымды тәмамдаған соң Павлодар қаласының Солтүстік полиция бөлімінде қызметімді бастадым. Алғашқы ұстазым – Аман Әбілдин болды. Ол өмірден озғанымен, берген тәлімі әлі күнге дейін есімде. Сол кісінің арқасында жедел уәкіл болуға деген сенімім нығайды, – дейді ол.
Алғашқы қызметтік тәжірибесі де есінде.
– Алғаш ұстаған қылмыскерім – пәтер тонаушы болатын. Оған 30 пәтерді тонады деген күдік тағылды. Үйінің жанында торуылдап жүріп қолға түсірдік. Ұстаған сәтте ерекше қанағат сезімін бастан кештім. Бірақ уақытша қамауға әкелгенде іштей аяп кеттім. Дегенмен уақыт өте келе қылмыскердің өз орнында болуы керектігін түсінесің. Қылмысты ашқан сайын жеңілдік, қуаныш сезімі келеді. Әсіресе, жақынын жоғалтқан ата-ананың көз жасын көру өте ауыр. Сол сәтте біз оларды сабырға шақырып, қолдауға тырысамыз, – дейді Қанат Қайыргелдинов.
Оның айтуынша, қызметтегі ауыр ойлар үйдің табалдырығынан аттаған сәтте ұмытылады.
– Себебі мені үйде анам, жұбайым Назымгүл және төрт перзентім – қыздарым Малика мен Мөлдір, ұлдарым Әлихан мен Ибраһим күтіп отырады. Таңертең қызметке барарда анамнан бата аламын. Ал үйге оралғанда – отбасымнан ең үлкен қолдау мен күш аламын. Бұл – менің басты мотивациям, – дейді ол.
Оның айтуынша, иықтағы жұлдызшалар әртүрлі болғанымен, барлығы бір мақсатта – ел тыныштығын қорғау жолында қызмет етеді. Жылдар бойы қатар еңбек еткен әріптестерін еске ала отырып, Қанат Қайыргелдинов олардың әрқайсысы кез келген сәтте сенім артып, қолдау көрсетуге дайын екеніне сенімді екенін айтады.