Қызметке адалдық пен кәсібиліктің жарқын үлгісі болған жедел уәкіл
Ішкі істер органдарында 16 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан полиция майоры Зарина Жүнісова – кәсіби біліктілігі мен табандылығы арқылы ерекшеленетін жедел уәкіл. Сырт көзге көркем әрі нәзік болмысымен танылатын Заринаның қылмыстық полиция бөлімшесінде аға жедел уәкіл қызметін атқарып жүргенін алғашқыда аңғару оңай емес. Нәзік жанды полицейдің оқиғасын Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Павлодар заң колледжін тәмамдаған соң, 2010 жылы ҚАЖ жүйесінде қызметін бастап, 15 жыл бойы жедел жұмыс бағытына арнады. 2024 жылы ол Павлодар ауданының полиция бөліміне ауысып, бүгінде криминалдық полиция саласында қызмет етуде. Бұл лауазым жай ғана жұмыс емес – ол үнемі сақтықты, шұғыл шешім қабылдауды, табандылықты талап ететін күрделі сала.
Заринаның әріптестері – негізінен ер азаматтар. Дегенмен, ол мұны қиындық деп емес, керісінше артықшылық деп қабылдайды:
– Біз біртұтас командамыз. Бұл жерде әйел не еркек екенің маңызды емес. Ең бастысы – сен полиция қызметкерісің. Ұжымда өзара қолдау мен түсіністік бар. Ер азаматтармен жұмыс істеу маған жеңіл әрі ыңғайлы, – дейді ол.
Жедел уәкілдің қызметі уақытпен санаспайды – түнгі шақырулар, мереке және демалыс күндеріндегі кезекшілік – барлығы да маманның күнделікті тіршілігіне айналған. Бірақ Зарина үшін бұл – жай ғана жұмыс емес, өмірінің мәні.
– Менің жұмысым – менің хоббиім. Бос уақытым өте аз. Бірақ әр сәтімді отбасыммен өткізуге тырысамын, – дейді ол.
Күйеуі Әнуар екеуі Айсара есімді қызы мен Әмір атты ұлын тәрбиелеп отыр.
– Жолдасым менің қызметіме түсіністікпен қарайды. Мейрам күндері де полиция қызметкерлері демалмайды. Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстарды ашу – бұл кейінге қалдыруға келмейтін міндет, – дейді Зарина Жүнісова.
Зарина Жүнісова – батылдық пен нәзіктікті, кәсібилік пен аналық мейірімді үйлестіре білген заманауи полиция қызметкерінің жарқын бейнесі.