Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызметке адалдық пен тәртіптің үлгісі болған полиция қызметкерінің еңбек жолы

Қоғам тыныштығы мен мемлекеттік тәртіптің мызғымас қорғаны саналатын ішкі істер органдарының әрбір қызметкері кәсіби дайындық пен ішкі тәртіпті жоғары деңгейде ұстануы тиіс. Осы бағытта абыроймен еңбек етіп жүрген жанның бірі – Астана қалполицияныңасы полиция департаменті арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы Ержан Мурсалимов туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Қарағанды облысының тумасы Ержан өз өмір жолын туған өлкесінде бастаған. Қарағанды мемлекеттік университетінің әлеуметтік факультетін тәмамдап, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген соң, 2000 жылы ішкі істер органдарындағы қызметін кадр бөлімінің психолог-инспекторы ретінде бастайды. Адамды тани білуі, кадр таңдаудағы жауапкершілік пен қызметке адалдық – оның басты кәсіби ұстанымдары.

Үздіксіз дамуға ұмтылған Ержан ҚР ІІМ Қарағанды академиясында білім алып, теория мен тәжірибені ұштастыра білді. Бұл білім оның кадр саясатын сапалы жүргізуіне үлкен мүмкіндік берді. Бүгінде ол Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасында тәртіп сақшыларын физикалық, әскери және жауынгерлік даярлықтан өткізуді үйлестіріп, тәртіп пен кәсіби талаптарды ұштастыра отырып, маңызды міндетті мінсіз атқарып келеді.

Қызметтен тыс уақытта спортты серік еткен ол жүгірумен және атыс дайындығымен шұғылданады. Бұл әуестігі оның сергектігін арттырып, кәсіби шеберлігін шыңдай түседі.

Қызметке деген адалдық – Ержан Мурсалимовтың ғана емес, оның отбасының да өмірлік ұстанымы. Қарындасы да ішкі істер органдарында еңбек етеді. Бұл – бір әулеттің елге қызмет ету жолындағы ортақ мақсаты мен берік дәстүрі.

Үлгілі әке, қамқор жар ретінде де ол құрметке лайық. Үш баланың әкесі Ержанның үлкені – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде сәулет өнерін меңгеруде. Ал жары – Астана халықаралық университетінің оқытушысы.

Полиция полковнигі Ержан Мурсалимов – кәсібіне адалдығы мен адами болмысы үйлескен, өз ісінің нағыз шебері. Оның еңбек жолы жас қызметкерлерге – өнеге, ал өмірлік ұстанымы – нағыз офицердің келбеті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру