Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызметке арналған ғұмыр: ІІО ардагері 90 жасқа толды

Ішкі істер органдарының құрметті ардагері Василий Полищукты 90 жасқа толды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, Астана қаласы Полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция майоры Ғабит Досаев және тергеу басқармасының басшылары Ішкі істер органдарының құрметті ардагері Василий Полищукты 90 жылдық мерейтойымен құттықтап барды.

1934 жылы Ақмола облысы Ерейментау ауданының Ржищево ауылында дүниеге келген Василий Полищук бала кезінен-ақ еңбектің қадірін, жауапкершіліктің мәнін жете түсінген. Оның өмір жолы қиындыққа толы болды. Әкесі Федосей Полищук майдан даласында қаза тауып, анасы колхозда еңбек етіп жүріп балаларын өсірді.

Орта мектепті тәмамдаған соң, Василий Омбы ауылшаруашылық академиясына оқуға түсті. Алайда соғыстан кейінгі ауыр кезең оның тағдырына өз түзетулерін енгізді. Соғыстан кейінгі ұрпақтың өз Отаны алдындағы борышын өтеу жауапкершілігі оның да жүрегінде тұрды. Осылайша ол әскерге барып, қызмет етті.

1958 жылы демобилизациядан кейін Василий Полищук Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіп, 1963 жылы оқуын аяқтады. Сол жылы ішкі істер органдарында тергеуші ретінде еңбек жолын бастады. Тергеу саласында 29 жыл қызмет еткен ол өз ісінің шебері ретінде танылды. Қылмыспен күрес пен заңды қорғаудағы өлшеусіз еңбегі ел есінде қалды.

Зейнет демалысына шыққаннан кейін де Василий Полищук белсенді өмір салтын ұстанып, 72 жасқа дейін қызметін жалғастырды. Қазір де ол жігерін жоғалтпай, өмірге құштарлығын сақтап келеді. Отбасына қамқор болып, көршілері мен таныстарына заңгерлік кеңестер беруді жалғастырып жүр.

Адал еңбек пен асқан жауапкершілікке толы өмірімен ұрпаққа үлгі болған Василий Полищук мерейтойы – еліміздің ішкі істер саласындағы тарих пен ерліктің бір бөлігі іспетті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру