Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызметкерлерден 14 күн сайын тест алынады

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті және оған бағынысты барлық мекеме қызметкерлерінен коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР (полимеразды тізбектік реакция) тесті үш айналым бойынша, яғни, араға он төрт күн салып, үшінші қайтара өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түрме қызметкерлері мен сотталғандар және тергеу-қамауындағы айыпталушылар арасында COVID-19 індетінің таралуын алдын алу үшін Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің медицина қызметі бөлімі карантин енгізілген уақыттан бастап күшейтілген режимде еңбек етіп келеді.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің медицина қызметінің басшысы Шынболат Даулбаевтың айтуынша, карантин мезгіліндегі іс-шаралардың ішінде қазіргі уақытта қолға алынған ең маңыздысы – қызметкерлер арасында COVID-19 жұқпалы індетін жұқтыру мүмкін фактісін дер кезінде анықтау болып табылады. Күні бүгінге дейін ҚАЖ департаменті және оған бағынысты барлық мекеме қызметкерлерінен коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР (полимеразды тізбектік реакция) тесті үш айналым бойынша, яғни, араға он төрт күн салып, үш қайтара өткізілді.

– Түзеу мекемелерінде коронавирус індетінің анықталмауының бірден-бір себебі – вирустың алдын алу іс-шараларының дұрыс жүргізілуінен деп есептеймін. Яғни, бұның барлығы – мекемелерде қызметкерлер мен сотталғандардың бетпердені дұрыс киюі мен вирустан сақтану әрекеті, сондай-ақ, мекемелердегі залалсыздандыру жұмыстарының уақытылы жасалып, мекеме басшыларымен аталған дертті болдырмау үшін үгіт-насихат жұмыстарының дұрыс жүргізуі секілді бірлескен жұмыстардың нәтижесі.  Мекемелерде COVID-19 жұқпалы індетінің таралуына жол бермеу үшін оны алдымен қызметкерлер жұқтырмауы керек. Сондықтан, біз қазіргі уақытта қызметкерлерге аса мән беріп, яғни департаменттің медицина қызметінің бөлімі мен мекемелердегі медицина қызметкерлері болып, қызметкерлерге ПТР тест, ал сотталғандарға эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша 14 күн сайын тест өткізу туралы бірауыздан шешім қабылдадық. Оның себебі, егер, алғашқы тест жүргізген он төрт күннен кейін, келесі ПТР тест алу кезінде коронавирус инфекциясы анықталған болса, науқастың осы күн аралығында оны қай жерден, кімнен жұқтырғаны және тағы кімге жұқтырған болуы мүмкіндігін анықтау оңайға тиеді, – дейді  Шынболат Даулбаев.

Айта кету керек, аталған індет ауа тамшылары арқылы таралатындықтан, карантин басталған мезгілден бастап, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/1, КА-168/2 және КА-168/3 мекемелерінде тұрақты түрде залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Одан бөлек, мекемелерге келетін адамдардың сырт киімдерін залалсыздандыру үшін мекемелер алдына дезинфекциялық тоннельдер орнатылды. Жазасын өтеушілерге туыстарынан келетін сәлемдемелер, сондай-ақ, асханаларға келетін азық-түліктер, тіпті мекеме аумағына кіретін көліктердің барлығы толықтай залалсыздандырылғаннан кейін барып, мекеме аумағына ену мүмкіндігіне ие болады.


Бүгінге дейін Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті мен Ақтөбе облысы әкімдігінің арасында орнатылған тығыз әріптестік қарым-қатынас негізінде, мекеме қызметкерлері мен сотталғандарға 15 мыңға жуық бір реттік бетперделер таратылды. Сонымен қатар, мекемелерге қызметкерлердің дене қызуын өлшеуге арналған байланыссыз термометрлер сатып алынды.

– Департаментке және оған бағынысты барлық түзеу мекемелерінің қызметкерлері мекеме аумағына кірмес бұрын, термометр арқылы олардың дене қызулары өлшенеді. Егер, осындай тексеру кезінде термометр көрсеткіші қызметкердің дене қызуын 37-ден жоғары көрсетсе, қызметкердің жұмысқа қосылуына рұқсат берілмейді.  Жалпы, жұқпалы ауруды болдырмау, алдын алу бойынша жұмыстар алдағы күндері де осы күшейтілген режимде жалғасын табады,- дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің медицина қызметінің басшысы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру