Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызметте – әріптес, отбасында – тірек: ағайынды Абдоловтар

Атырау қалалық полиция басқармасында бір қызметте иық тіресе еңбек етіп жүрген ағайынды полицейлер бар. Олар - Қуат пен Өмірзақ Абдоловтар. Бір салада қызмет етіп қана қоймай, бір-біріне тірек бола білген бауырлардың өмірі туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Бүгінде жол-көлік қозғалысы – қоғам тіршілігінің ажырамас бөлшегі. Күн сайын мыңдаған көлік қозғалысқа еніп, сан алуан бағытқа сапар шегеді. Осы қозғалыстың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – патрульдік полиция қызметкерлерінің басты міндеті әрі зор жауапкершілігі.

Осы жауапты салада тәртіп пен тыныштықты күзетіп жүрген азаматтардың қатарында Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонында қызмет ететін ағайынды Қуат пен Өмірзақ Абдоловтар бар. Бір салада еңбек етіп жүрген бауырлар жұмыста – бір-біріне сенімді тірек, ал отбасында – жанашыр бауыр, үлгілі жар және қамқор әке.

Қуат пен Өмірзақ Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Сүйіндік ауылында дүниеге келіп, сондағы орта мектепті бірге тәмамдаған. Кейін Отан алдындағы борыштарын қатар өтеп, ер жетіп оралды. Қуат Абдолов 2014 жылдың сәуір айында тәртіп сақшысы ретінде алғаш рет сапқа тұрса, Өмірзақ сол жылдың қыркүйегінде Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны құрамына қабылданған.

Қызметке кіріскен сәттен бастап-ақ ағайындылар өздерін жауапкершілігі жоғары, тәртіпті, кәсібіне адал қызметкерлер ретінде көрсете білді. Олар азаматтармен де, әріптестерімен де тіл табысып, қоғам тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінде екеуі де бір лауазымда, бірдей жұмыс кестесімен иық тіресе қызмет атқаруда.

Айта кетерлігі, Өмірзақ Абдолов 2020 жылдың 11 қыркүйегіне қараған түні сағат 03:40 шамасында Балықшы - Жұмыскер көпірінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған бойжеткенді байқап, батылдықпен әрекет етіп, оның өмірін сақтап қалды. Кейіннен бойжеткенмен жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл – оның кәсіби шеберлігі мен адам өміріне деген жанашыр көзқарасының айқын көрінісі.

Қызмет пен өмір жолын қатар сабақтаған ағайынды Абдоловтардың бір ұжымда жұмыс істеуі – береке мен бірліктің шынайы үлгісі. Олар бірін-бірі сөзсіз түсініп, қиын сәтте қолдау білдіріп, жетістіктерге бірге жетуге ұмтылады. Бұл ынтымақ пен татулық кәсіби табыстармен қатар, отбасылық байланысты да нығайта түсуде.

Ағайындылар арасындағы сенім мен сыйластық – кез келген істің ілгерілеуіне серпін береді. Олар тек өз отбасыларының ғана емес, тұтас қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек етіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру