Қызметтік ит Барон: есірткі қылмыстарын анықтауда сенімді серіктес
Ақтөбе облысында кинолог Махамбет Абдуалиев пен оның қызметтік иттері қылмысты анықтауда көмек көрсетуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің аға лейтенанты, кинолог Махамбет Абдуалиев баптаған қызметтік иттер қылмысты ашуда жоғары нәтижелер көрсетіп отыр.
Күшік кезінен баптаған Барон атты төрт аяқты серіктесі есірткі заттарын іздеп табудан Қазақстан Республикасы ІІМ чемпионы. 2025 жылдың өзінде Барон 30-ға жуық қылмыс орнына барып, 15 рет есірткі қылмысын анықтаған.
– Кинолог болу үшін ең алдымен иттерді жақсы көру қажет. Иттерден қорқатын немесе жануарларды ұнатпайтын адамнан жақсы кинолог шықпайды, – дейді Махамбет Абдуалиев.
Айта кетейік, бала кезінен иттерге қызығушылығы бар Махамбет кішкентайынан көшеде кездескен ит-күшіктерді үйіне әкеліп, оларға қамқорлық көрсеткен. Бұл қызығушылық оның болашақ мамандығын таңдауда үлкен рөл атқарды. Бүгінде Махамбет Абдуалиев қызметін жан-жақты сүйіспеншілікпен атқарып, баптаған иттері арқылы құқық қорғау саласында сенімді көмек көрсетуде.
