Павлодар облысында қызметтік иттер 2024 жылы 300-ге жуық қылмысты ашуға көмектесті
Павлодар облысында қызметтік иттер 2024 жылы 300-ге жуық қылмысты ашуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарқынды дамып келе жатқан технологияларға қарамастан, жақсы дайындалған қызметтік иттердің мүмкіндіктерін ешбір заманауи құрылғы алмастыра алған жоқ.
– Бұл иттер – нағыз кәсіпқойлар, олардың қызметі жоғары концентрация мен физикалық төзімділікті талап етеді. Полицейлердің сенімді серіктестері кез келген тапсырманы бұлжытпай орындайды: заттарды іздеуден бастап қылмыскерлерді ұстауға дейін. Алайда, бұған дейін ұзақ әрі қажырлы дайындық жұмыстары жүреді, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаментінің өкілдері.
Бүгінгі таңда Павлодар облысының полиция департаментінің кинологиялық қызметінде 20 қызметтік ит бар. Олардың әрқайсысы қоғамдық тәртіпті қорғау мен қылмыстарды ашуға айрықша үлес қосуда. Бұл төрт аяқты сақшылардың есебінде талай құтқарылған өмір, ұсталған қылмыскерлер мен табылған есірткі заттары бар.
2024 жылдың өзінде қызметтік иттердің көмегімен 258 қылмыс ашылды. Олар есірткі іздеу бойынша 446 рет қолданылып, шамамен 40 келі есірткі затын анықтауға және тәркілеуге мүмкіндік берді.
Бұл иттер тек негізгі командаларды орындаумен шектелмейді. Олар күрделі дағдыларды меңгеретін қарқынды оқу бағдарламасынан өтеді. Бүгінде Павлодар полициясының кинологтарының қарамағында оқу-жаттығу сыныптары, үлкен жаттығу алаңы және заманауи оқшауланған жылы вольерлерден тұратын арнайы кешен бар.
Орталықтағы әр иттің жеке вольері, теңдестірілген тамағы және жұмысқа қажетті энергия беретін дәрумендер кешені қарастырылған. Мұндай жан-жақты қамқорлық иттердің жоғары тиімділікпен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
Павлодар облысының қызметтік иттері – полицияның сенімді көмекшілері ғана емес, сонымен қатар қиын және күрделі қылмыстарды ашуда маңызды рөл атқаратын адал серіктер. Ұзын жүнді, бұйра немесе қылшықты болсын, олардың барлығы бір ұранды ұстанады: қылмысты болдырмау, алдын алу және ашу. Бұл төрт аяқты сақшылар құқық қорғау саласындағы өз үлесін қосып, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде аянбай қызмет етуде.