Қызметтік міндеттерін мінсіз атқарған полицей ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды
Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының 70 жылдығына орай қызылордалық полицей ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқоңыр қаласының орталық стадионында Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының 70 жылдығына орай мерекелік іс-шара өтті.
Шараға ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, “Роскосмос” МК бас директоры Дмитрий Баканов, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының 70 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 31 мамырдағы Жарлығымен ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы өкілдігі бастығының бірінші орынбасары Ермек Искаков қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күресте қызметтік міндетін үлгілі орындағаны үшін Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі “Айбын” орденімен марапатталды. Мемлекеттік награданы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр табыстады.
Полиция полковнигі Ермек Бердалыұлы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Ішкі істер органдарындағы қызметін Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының қылмысты іздестіру басқармасының жедел уәкілінен бастаған. Әр жылдары ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, Сырдария аудандық полиция бөлімі, есірткі бизнесіне қарсы күрес және Қызылорда қалалық полиция басқармаларын басқарды. Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарды.
Өз қызметінде полиция полковнигі Ермек Бердалыұлы “Байқоңыр” кешенінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылдың ерекше құқықтық мәртебеге ие, күрделі әрі маңызды ынтымақтастық формасы ретінде дамуына айтарлықтай үлес қосты.