Қызметтің қыр-сыры: Шымкентте полиция ашық есік күнін өткізді
Қазақстан полициясы күніне орай Шымкент қаласының полиция департаментінде ашық есік күні ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары ата-аналарымен бірге қатысып, құқық қорғау саласының тыныс-тіршілігімен танысты.
Жастар департаменттің музейіне барып, ішкі істер органдарының тарихына шолу жасады. Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының рухына тағзым етіп, Обелискке гүл шоқтарын қойды.
Іс-шара барысында қонақтар Жедел басқару орталығына барып, бейнебақылау жүйесі арқылы қоғамдық тәртіптің қалай қамтамасыз етілетінін өз көздерімен көрді. Бұл орталықтың жұмысы жастарға ерекше әсер қалдырды.
Күннің ең қызықты сәттерінің бірі жедел қимылдайтын арнайы жасақтың кәсіби шеберлігін көрсеткен жаттығулары болды. Қауіп төнген жағдайда әрекет ету тәсілдері мен арнайы дайындық элементтері көрермендер көңілінен шықты.
Сонымен қатар қонақтарға заманауи техника мен арнайы құрал-жабдықтар таныстырылып, криминалистердің қылмысты ашудағы жұмысы таныстырылды. Іс-шара соңында студенттер алған әсерлерімен бөлісіп, алғыстарын білдірді. Олар үшін бұл күн тек қызықты ғана емес, болашақ мамандық таңдауға жол көрсеткен маңызды тәжірибе болды.