Қызылорда бойынша ҚАЖД қызметкерлері марқұм болған әріптестерінің ата-анасына барды
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ЗК-169/5 мекемесінің қызметкерлері 10 жылдан аса ҚАЖ саласында қызмет еткен, 36 жасқа қараған шағында дүниеден өткен әділет майоры Орал Асқарұлының ата-анасын арнайы құттықтап, шаңырағында болды. Сақшылар Оралды тәрбиелеген Несібелі апаға жылы лебіздерін, шексіз алғыстарын білдіріп, сыйлықтарын ұсынды.
Айта кетерлік жайт, Орал Асқарұлы ҚАЖ саласында 2004 жылдың шілде айынан бері қызмет атқарып, түрлі лауазымдарда абыроймен қызмет еткен. Жас болса да өзінің біліктілігін, табандылығын, жігерлілігін көрсетіп, 2011 жылдан бастап Қызылорда қалалық Қылмыстық-атқару инспекциясы бөлімінің бастығы лауазымында жұмыс жасаған.
-“Қазақстан полициясы күні” мерекесінде біз әріптесіміз Орал Асқарұлының шаңырағына арнайы ат басын бұрып келіп отырмыз. Басты мақсатымыз – әріптесіміздің ата-анасына құрмет көрсетіп, ілтипат таныту, Оралдың есімі әлі де ұмытылмағанын білдіру еді, – деді мекеме бастығының орынбасары Есмаханов.