Қызылорда облыстық ПД алаяқтыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды үздіксіз жүргізіп жатыр
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Хамитов Тимурдың қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Брифингте алаяқтық, интернет алаяқтық бойынша қылмыстық істердің өсім алу себебі мен оның алдын алу бағытындағы профилактикалық іс-шаралар туралы айтылды. Интернет пен цифрлық технологиялардың кеңінен таралуы жаһандану құрылымын ғана емес, қылмыс әлемінің сипатын, соның ішінде қылмыс түрін түбегейлі өзгертті. Әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасу үшін ғана емес, сауда-саттықтың негізгі алаңына айналды. Осы ретте, ақпараттық технологиялар мен интернеттің мүмкіндіктерін мықты меңгерген алаяқтар көбейген. Мұндай қылмысқа жол бермеу, алдын алу жұмыстары еліміздің ғана емес, қазіргі таңда бүкіл әлем елдерінің өзекті мәселелерінің біріне айналып отыр.
Интернет-алаяқтардың басқа алаяқтардан айырмашылығы – оларды анықтап, жауапкершілікке тарту әлде қайда қиын, себебі олардың кім екені, қайда екені белгісіз, ал шетелде жұмыс істейтін қылмыскерлерді табу одан да күрделі.
Осының барлығын анықтау жұмыстары ұзақ уақытқа созылатын тергеу амалдарын талап етеді.
Әдетте алаяқтар жәбірленушілерді сауда-саттықтағы жалған жеңілдіктермен, қаржыны тым жоғары пайызбен еселеп берумен, тауарын тиімді шарттармен сатып алумен қызықтырады, сондай-ақ полиция қызметкерлерінің атын жамылып, жақын туысының атынан қарызға ақша сұраумен, ақшаны көбейту мақсатында түрлі инвестицияларға ақша салумен, SIM-картаның мерзімі аяқталумен, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, дербес деректерін заңсыз иемдену арқылы қаражат жымқырады немесе бөтеннің атынан онлайн-несиелер рәсімдейді. Интернет алаяқтықтың көп таралған аймақтарына онлайн несиелер рәсімдеу, OLX, Колесо.кз, Крыша.кз, Instagram және тағы басқа да әлеуметтік желілер жатады.
Осы жылдың 7 ай мерзімінде 501 алаяқтық қылмысы тіркеліп, оның 245-і өндірістен аяқталған.
Талдау көрсеткендей, жалпы тіркелген алаяқтықтың 40,2 пайызын интернет-алаяқтық қылмысы құрап отыр.
Интернет-алаяқтық қылмысын ашу өзекті мәселелердің бірі болғандықтан, осы бағытта жүйелі жұмыс ұйымдастырып, қылмысты ашуға бағытталған шаралар қабылдау мақсатында департамент бастығының бұйрығымен тергеу және криминалды полиция бөліністерінің тәжірибелі қызметкерлерінен жасақталған тұрақты «Киберпол» жедел-тергеу тобы құрылып, жұмыс жасауда.
Аталған топпен жоғары айтылған сайттардың бірі арқылы жарнамалар орналастырып, қылмыс жасаған (ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағымен) А. есімді азаматша құрықталып, 8 қылмыстық іске қатысы бар екені анықталған және мамыр айында осы тектес қылмыс жасаған Шымкент қаласының тұрғыны Ж. есімді тұрғынның12 қылмыстық іске қатысы бары анықталып, сотқа жолданған.
Департаменттің мүдделі қызмет салаларымен алаяқтық қылмыстарының алдын алу мақсатында біршама шаралар жүргізіліп жатыр.
Атап айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ әлеуметтік желілерде және жергілікті телеканалдарда алаяқтардың қылмыс жасау әдістері, оның алдын алу шаралары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілсе, облыс орталығында және аудандарда көпшілік шоғырланатын қоғамдық орындарда алаяқтық қылмысының алдын алуды насихаттау туралы билбордтары ілінді.
Қала көлеміндегі халық көп жиналатын «Aray city mall» сауда орталығының ішіндегі үлкен көлемдегі лэд экраннан және «Kinoplexx» кинотеатрында бейнероликтер көрсетілді, сонымен қатар Қалалық демалыс паркі, базар аумақтары мен сауда орталықтарының алдында еріктілермен бірге алаяқтықтан сақтану туралы жадынамалар таратылды.
«Қоғамдық даму» басқармасымен бірлесе отырып, интернет-алаяқтықтан сақтану жөніндегі бейнероликтер «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасынан көрсетілді. Қазіргі уақытта қала көлеміндегі базарлар мен басқа да ірі сауда орталықтарының төлем кассаларында интернет-алаяқтықтан сақтану жөніндегі анықтамалық жадынамалар халыққа берілуде. Сонымен қатар департаменттің бақылау өткізу пунктінде орналасқан теледидардан және әлеуметтік парақшаларында үздіксіз бейнероликтер көрсетіледі.