Қызылорда облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары аудандарға іссапармен барды
Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ермахан Абдраманов Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарына іссапармен барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамымен кездесіп, жұмыстарымен танысты. Өткен аптада Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқасы өтті. Жиында биылғы 6 айда ішкі істер органдары атқарған жұмыстың қорытындылары және Президент тапсырмаларын орындау барысы қаралды.
Министр алқа отырысында полиция қызметін цифрландыру, заңсыз есірткі айналымымен күресті күшейту, алаяқтықпен күрес, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, құқық бұзушылық профилактикасы, жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру қажеттігін мәлімдеді. Алқа мәжілісінде көтерілген осы және полиция қызметіне қатысты өзге де мәселелерді, сондай-ақ департамент бастығының тапсырмаларын жеке құрамның назарына жеткізді.
– Полиция – халыққа жақын болу қажет» деген қағида күн тәртібінен түспейді. Өзімізге жүктелген үлкен жауапкершілік пен тапсырмаларды жүзеге асыру жолында жоспарлы жұмыстар жүргізудеміз. Осы бағытта полиция қызметкерлері мен қарапайым халықтың арасындағы қарым-қатынасты нығайта беру басты міндеттеріміздің бірі, – деді департамент бастығының бірінші орынбасары.
Сонымен қатар Е.Абдраманов аудандық полиция бөлімдерінің барлық саласына жеке тоқталып, нақты нұсқаулар берді. Әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі туралы ескертіп, оларды сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеуге, елге адал қызмет етуге шақырды.
Бұдан бөлек, департамент бастығының бірінші орынбасары аудан әкімінің орынбасарымен бірлесіп, Ақтөбе ауылының тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады. Тұрғындардың талап-тілектерін мұқият тыңдаған Ермахан Абдраманов айтылған мәселелерді назарға алып, рет-ретімен шешілетінін жеткізді.