Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облыстық ПД бастығының орынбасары Арал ауданына барды

Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров жұмыс сапарымен Арал ауданына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров жұмыс сапарымен Арал ауданында болды. Ол іссапар кезінде аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесті.

Оралбек Омаров бастамасымен өткізілген жиында бөлім басшысы атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді. Жалпы, облыстың бұл ауданында қылмыстық ахуал тұрақты. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу ерекше бақылауда.

Кездесу барысында жыл басынан бері атқарылған жұмыс нәтижесі және жеке құрам арасындағы тәртіп пен заңдылықтың сақталу мәселелері талқыланды. Кадрлық мәселелер, оның ішінде қызметкерлердің кезекті еңбек демалысы, көлік жүргізу тәртібі, қызметкердің сыртқы түрі, яғни нысандық киімі, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі, шендерін уақытылы иеленуі сынды мәселелер айтылды.

Мемлекет басшысы 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын бекітті. 2023 жылы оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында құқық қорғау органдарында парасаттылыққа тексеруді немесе integrity check енгізілгені белгілі. Бұл ретте ПД бастығының орынбасары полиция қызметкерлерін парасаттылыққа тексерудің пилоттық жобасын түсіндіріп, кеңінен айтып өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Полиция тәртіп сақшысы екенін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білуге тиіс» деген сөзі халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл ретте бүгінгі күні полиция қызметкерлеріне тиісті әлеуметтік қолдау көрсетіліп, еңбекақы көтерілді. Тиісінше бүгінгі күннің полицейі қоғамдағы беделін нығайтып, құрметті мамандыққа айналып отыр. Сондықтан да бүгінгі полицейдің басты ұстанымы – адал ниетпен елге адал қызмет ету болуы керек. Осы бағытта саналы түрде жаңғыру қажет, – деді Омаров.

Сонымен қатар департамент бастығының орынбасары аудандық полиция бөлімінің басшысына қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды. Әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігі туралы ескертіп, оларды сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеуге, елге адал қызмет етуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру