Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшылығы ардагерлермен кездесті
Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшылығы ардагерлермен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жемісті еңбектің зейнетін көріп отырған ардагерлермен қызметкерлердің кездесуі ұрпақтар сабақтастығын жалғайды. Еңбегімен елге сыйлы болған әрбір ардагерді оларға үлгі етеміз. Осы мақсатта бүгін департамент бастығының орынбасары Оралбек Омаров ішкі істер органдарының ардагерлерімен кездесті. Жиында аға буын өкілдері өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметтері үшін әрқашан кеңесуге, көмек қолын созуға дайын екенін жеткізді.
Бүгінгі кездесу барысында сөз алған департамент бастығының орынбасары О.Омаров ардагерлердің ақыл-кеңестері мен ой-пікірлерінің маңыздылығын атап өтті. Ардагерлер де түрлі мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Кездесу барысында олар департамент басшылығына құрметі үшін ризашылықтарын білдірді.
– Бүгінде белсенділік танытып, қоғамдық шаралардың бел ортасында жүрсіздер. Қоғамдық келісім, тыныштықтың сақталуына барынша атсалысып келесіздер. Сол үшін алғысымыз шексіз. Ішкі істер органдарының қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесі біз үшін аса маңызды. Бұл ретте құрметті ардагерлер мен тәжірибелі қызметкерлер арасынан арнайы Тәлімгерлер кеңесі құрылды. Бұл – мәні зор бастама. Ел тыныштығын сақтауда алдыңғы шепте тұрған полиция қызметкерлері үшін ең қажетті қасиет – тәртіп пен патриоттық тәрбие. Себебі халық алдында адал қызмет етуге ант берген қатардағы әрбір тәртіп сақшысының тәрбие деңгейі жоғары болуы қажет. Барлық жас қызметкерге тәжірибесі мен біліктілігі мол қызметкерлерден тәлімгерлер тағайындалып, олардың арасында тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасалып, жеке тәрбие жұмысының жоспарлары орындалуда. Тәлімгерлер өздерінің қамқорлығындағы жас қызметкерлердің отбасымен танысып, үнемі қолдау көрсетіп келеді, – деді О.Омаров.
Айта кетерлігі, бүгінгі күні облыста 13 бастауыш ардагерлер ұйымы бар, онда 3 мыңға жуық зейнеткер есепте тұрады. Полицейлер Ардагерлер кеңесінің мүшелеріне әрдайым қамқорлық танытып, қандай да бір туындаған мәселелерін шешіп беруде белсенді жұмыстар атқаруда. Кездесу соңында ардагерлер үздік тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстар мен пікір алмасу алаңын ұйымдастырды. Ашық әңгіменің алаңына айналған кездесуде олар өздерінің көкейлерінде жүрген түрлі сауалдарына жауап алды. Аға буын өкілдерімен өткен мұндай кездесу алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.