Қызылорда облыстық ҚАЖД мекемесінде ашық есік күні өткізілді
Қызылорда облыстық ҚАЖД мекемесінде ашық есік күні өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде ашық есік күні өтті. Шараға Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев, Қызылорда облысының прокуроры Кәрімұлы Ризабек, ҚАЖ департаментінің басшылығы және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлер қатысты.
Іс-шараның мақсаты – сотталғандарды жұмыспен қамту және мекеменің өндірістік аймағына шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін тарту.
ҚАЖ департаменті бастығы Шаймерден Есенкелдиев жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту ҚАЖ департаментінің алға қойған мақсаттарының бірі екендігін атап өтіп, алдағы уақытта жұмыспен қамтылған сотталғандардың санын арттырып, жаңа жұмыс көздерін ашу мен кәсіпкерлік субьектілерге қосымша сотталғандарды жұмысқа орналастыру бағытында жұмыстар жалғасын табатынын айтты. Жеке кәсіпкерлерге өз кәсіптерін мекеменің өндірістік аймағына ашуға шақырды.
– Бүгін ашық есік күнін өткізіп, кәсіпкерлерді осы мекемеге шақыруымыздың себебі, өндірістік аймағындағы жеке кәсіпкерлердің өнімімен таныстыру, кәсіп ашамын деген кәсіпкерлерге өз жобаларын жүзеге асыруға көмектесу. Жазасын өтеушілер үшін де жұмыспен қамтылу өте маңызды. Білікті жұмыс күші де осы жерден табылады. Бұл ұсыныс әсіресе, ісін жаңа бастаймын деген кәсіпкерлерге тиімді, – деді департамент бастығы.
Қазіргі таңда №60 мекемеде 300-ге жуық сотталған РМК «Еңбек-Қызылорда» филиалы мен 12 жеке кәсіпкер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде (ағаш өнімдері, қолөнер бұйымдары, автокөлік қосалқы бөлшектерін жасау, дәнекерлеу жұмыстары,, газоблок, кірпіш өндіру ) жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар мекемеде кәсібін жүргізіп келе жатқан кәсіпкерлер сотталғандардың қолымен жасалған бұйымдарынан көрме ұйымдастырды.