Қызылорда облыстық ҚАЖД мекемесінде сотталғандарды жұмыспен қамту мақсатында ашық есік күні өтті
Облыстық ҚАЖД-ға қарасты №60 мекемесінде жазасын өтеуші жұмыссыз сотталғандарды жұмыспен қамту мақсатында ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл іс-шараға Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Дінмұхаммед Ермеков, Қызылорда қаласы әкімдігінің өкілдері, қаладағы бірқатар кәсіпкерлер, ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Нәкенов Мұрат, ҚАЖ департаментінің бас маманы Бақыт Абилова, ҚАЖД №60 мекемесі бастығының орынбасары Жарас Ауешов пен мекеме қызметкерлері қатысты.
Шара барысында келушілер мекеменің өндірістік аймағында пайдалануға берілетін ғимараттар мен сотталғандардың жасаған өнімдерімен танысты. №60 мекеме бастығының орынбасары Жарас Ауешов шараға қатысушыларды мекеменің өндірістік аймағындағы жұмыс обьектілеріндегі әртүрлі өнімдермен таныстырып, мекемеде кәсіп ашқан жағдайда сотталғандарды арнайы жұмыс киіммен қамту, жұмыс орнындағы техникалық қауіпсіздікті және санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау өз деңгейінде жүргізілу керегін, сотталғандардың айлық жалақыларын кешіктірмей, мекеменің депозиттік шотына уақытылы аударылуы, жарналарының заңға сәйкестігі қадағалануы керегін айтты.
– №60 мекемесінде жазасын өтеп, мемлекетке немесе жеке тұлғаларға өтемақылары бар сотталғандар осы кәсіпорында еңбек ету арқылы айлық табысынан қарыздарын өтеп келеді. Осы шара барысында алдағы уақытта жұмыспен қамтылған сотталғандардың санын арттырып, жаңа жұмыс көзін ашу мен кәсіпкерлік субьектілерге қосымша сотталғандарды жұмысқа орналастыру бағыты жоспарланып жатыр, – деді ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Мұрат Нәкенов.
Қорытындылай келе, кәсіпкерлер мекемеде кәсіпкерлерге жасалған мүмкіндіктермен танысып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасайтындарын жеткізді.