Қызылорда облыстық ҚАЖД спорттық шара ұйымдастырды
Қызылорда облыстық ҚАЖ департаментінде жазасын өтеушілер арасында спорттық шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында ҚАЖ департаментінің №37 мекемесіндегі жазасын өтеушілер арасында ауқымды спорттық шара ұйымдастырылды. Шара Қызылорда қалалық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің бірлескен жоспары негізінде Локомотив стадионында өтті.
Жарысқа 5 команда қатысып, белтемірге тартылу, 100 метрге жүгіру және эстафеталық жарыс бойынша бақ сынады.
Спорттық шараның басты мақсаты — жазасын өтеушілер арасында салауатты өмір салтын нығайту, дене шынықтыруға қызығушылық арттыру, сондай-ақ патриоттық сезімдерін қалыптастыру.
Тәрбие бөлімінің бастығы Сәметов Бауыржан спорттық іс-шараның маңызын атап өтті.
– Бүгінгі жарыс — жазасын өтеушілердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың денсаулықтарын жақсартуға, ең бастысы, дұрыс өмір салтына бейімделуіне мүмкіндік береді. Спорт — тәрбие құралы. Бұл шаралар олардың қоғамға оң көзқараспен оралуына сеп болады, — деді ол.
Жазасын өтеушілер спорттық шараға белсене қатысты.Жеңімпаз командалар марапаттарға ие болды.
– Мұндай жарыстар бізге үлкен мотивация береді. Спортпен шұғылдану өзімізге деген сенімді арттырады, уақытты пайдалы өткізуге көмектеседі. Бүгін командалық рухты сезіндік, бұл біз үшін өте маңызды, — деді сотталған азамат.
Спорттық шара соңында ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын атап өтті.
