Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-да Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-да Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды. Ізгі дәстүрге айналған бұл тағылымды шара Жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында өтті. Салтанатты жиынға департамент басшылығы, сала ардагерлері мен жеке құрам қызметкерлері қатысты.

Мемлекеттік гимннің шарықтай шырқалуы аясында басталған жиында ҚАЖ департаментінің бастығы Шаймерден Тәжіқұлұлы мерекемен құттықтап, қос мерекенің ел тарихындағы айрықша маңызына тоқталды.

– Бұл – халқымыздың қайсар рухын әйгілейтін, батырлық пен ерліктің символына айналған қос бірдей қасиетті мереке. Отан қорғаушылар күні – әскери және құқық қорғау саласында қызмет ететін әрбір азамат үшін қасиетті борыш пен жауапкершіліктің белгісі. Ал Жеңіс күні – жан аямай жауға қарсы тұрған жауынгерлеріміздің ерлігіне тағзым етіп, бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге алғыс айтатын қастерлі күн, – деді департамент басшысы өз сөзінде.

Салтанатты жиын барысында қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, кәсіби шеберлігімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлерге құрмет көрсетілді. Атап айтқанда №68 мекемесі бастығының орынбасары Мирамбек Тұрымбетов мерзімінен бұрын әділет майоры шеніне ие болды. №60 мекемесінің жедел уәкілі Жандос Жұптыбаев бір саты жоғары лауазымға тағайындалып, әділет майоры атағы берілді. №37 мекемесінің бастығы Абай Битаев – "Қылмыстық-атқару жүйесінің үздігі" төсбелгісімен марапатталды. ҚР ІІМ-нің алғыс хаты Индира Даутбаеваға табысталып, Назерке Молдағалиқызына ресми алғыс жарияланды.

Сондай-ақ, облыс әкімінің және департамент бастығының атынан 40-тан астам қызметкерге алғыс хаттар мен марапаттар тапсырылды.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Талғат Ахметов ардагерлерге жүрекжарды тілегін арнап, ұйым атынан арнайы сый-сияпаттар табыс етті.

Салтанатты шараның ерекше бір сәті – ұзақ жылдар ҚАЖ саласында табанды еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан қызметкерлерді құрметпен шығарып салу болды. Бұл қатарда Шырынкүл Абдиева,  Жантөре Сатенов, Талғат Шакенов, Нұрхан Дүйсенбаев, Бауыржан Садуов және Мұратбаев Әсет Талапұлы бар. Олардың әрқайсысының кәсіби жолы мен адал қызметі ерекше ілтипатпен аталып, иықтарына шапан жабылып, естелік сыйлықтар табысталды.

Мерекелік басқосу концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушылардың көңілін көтеріп, рухын асқақтатты. Бұл тағылымды жиын – отансүйгіштік пен ерлік рухын ұлықтаған, бірлік пен жанқиярлықтың жарқын үлгісін көрсеткен мазмұнды мерекелік іс-шара болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру