Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты мекеме қызметкерлері облыстық кітапханаға экскурсия ұйымдастырды
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты мекеме қызметкерлері облыстық кітапханаға экскурсия ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жыл – қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы. Бұл атаулы жыл аясында елімізде Абай мұрасын ұлықтауға арналған түрлі мәдени-рухани іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Абай тағылымы – ұлттық сана мен рухани тәрбиенің темірқазығы. Осы орайда Қызылорда облысы бойынша №68 мекеменің жеке құрам қызметкерлері Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылған Абай бұрышы мен шығармашылық экспозициясына арнайы экскурсияға қатысты.
Шара барысында қызметкерлер ақынның өмір жолы,шығармашылық мұрасымен танысып, ақынның өлеңдерін жатқа оқып, қара сөздерінен үзінді келтірді. Экспозиция аясында ұлы ойшылдың рухани-адамгершілік идеялары, ұлттық болмысқа қатысты ой-толғамдары кеңінен талқыланды.
Мекеме қызметкерлері бұл танымдық шара арқылы рухани серпіліс пен шығармашылық шабыт алды.
- Ұлы ақынның мол мұрасынан терең әсер алдық. “Абайды оқы, ерінбе” демекші, оның әрбір сөзі – тағылым мен тәрбиеге толы. Халқымыздың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мәңгілік мұрасы – ұрпақ санасына рухани сәуле құятын шамшырақ, – дейді мекеме қызметкері Шапағат Нұрғали.
Асыл сөзді іздесең – Абайды оқы, ерінбе! – деген өсиет бүгін де, ертең де өз маңызын жоғалтпайды. Абайдың ой-толғамдары, даналық сөздері – ұлт руханиятының алтын діңгегі.