Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде 14 жасақ бастығы қызмет атқарады
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемелерінде 14 жасақ бастығы қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37, №60, №68 мекемелеріндегі жаза мерзімін өтеушілердің бостандыққа шыққанға дейін басы-қасында қадағалап, қоғамға қайтадан қалыпты азамат болып оралуына ең көп еңбек сіңіретін қызметкер – жасақ бастығы.
Жасақ бастығы өзінің қарамағындағы әрбір сотталған адамның мінез-құлқын, өмір сүру дағдысын, жақсы қасиеттерін немесе жаман әдеттерін жақсы біледі. Түрмедегі әрбір сотталғанның тәртібіне назар аударып, тәрбиелік, профилактикалық бағытта дәрістер оқып, сұхбаттар жүргізеді. Осындай жауапты жұмыстың жүгін арқалап жүрген Қызылорда облыстық ҚАЖД мекемелерінде 14 жасақ бастығы қызмет атқарады. Олардың бірі 5 жылдан астам қызмет атқарған, енді біреуі жуырда жасақ бастығы болып тағайындалып, қызмет етуде. Әр жасақта 80-ге жуық сотталған бар.
Жасақ бастығының негізгі міндеттері – сотталғандарды қайта әлеуметтендіру үшін барынша жағдай жасау, оларды бостандықта өмір сүруге дайындау, қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасауға, оқуға және еңбекке бейімдеуге, құқықтық ағартуға, туыстарымен байланысты қалпына келтіруге және нығайтуға ықпал ету.
Қызмет барысында сотталғандардың таңғы ұйқыдан тұруы, төсек орындарын жинап, жуынып-шайынуы, таңғы ас ішуі, өндіріс орнында жұмыс істейтіндер жұмыс орнына кетуі жасақ бастығының қатаң қадағалауында. Жасақ бастығының жұмыс күні өз жасағындағы жазасын өтеуші азаматтарды тізім бойынша таңғы тексеріс жұмыстарын жүргізумен басталады.
Барлығының жасақта екеніне көз жеткізгеннен кейін мекеме бастығы бекіткен күн тәртібіне сәйкес жұмыс жүргізеді. Денсаулық жағдайымен дәрігерге жазылған азаматтарды мекеменің медициналық жұмыс жүргізу аймағына апарады. Кітап оқитын сотталғандарды кітапханаға, жақындарымен сөйлесу үшін таксафонға, психолог көмегін қажет ететін азаматтарды психолог кабинетіне қарай, қажеттіліктерін алу үшін дүкенге, ал, күн тәртібінде тазалық күні болса, жасақтың ішкі-сыртқы аймағына тазалық жұмыстарын жасайды
Міне жасақ бастықтары таңнан кешке дейін сотталғандарды қадағалап, тәрбиелеп, олардан талап пен тәртіпті талап етеді. Осыдан-ақ олардың жұмыстарының қаншалықты жауапты, уақытының тығыз екендігін білуге болады. Жасақ бастықтары сотталғандардың сан сауалына жауап беріп, басшылықпен ақылдаса отырып,түйткілді мәселелердің түйінін шешіп, түрлі іс-шаралардың ұйытқысы болады.
– Жазасын өтеушілердің түзелу жолына түсуі, қоғамға толыққанды адам ретінде қайтарылуы олармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарына байланысты. Мен де өз жасағымдағы сотталғандарға жауап беремін. Үздіксіз жасалған жұмыстың арқасында түзелу жолына түскендер бар. Жаза басып жаңылған азаматтың түзелу жолына түсіп, қоғамға тез бейімделіп, тезірек отбасыларына оралғаны бізді де қуантады, – деді жасақ бастығы Айғара Сұлтан.