Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесі "Мектепке жол" акциясына қатысты

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесі "Мектепке жол" акциясына қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қайтарымын күтпей жасалған қайырымдылық – ізгіліктің айқын көрінісі. Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің ұжымы да жомарттықтан жаңылмай, "Мектепке жол" республикалық қайырымдылық акциясына белсене қатысты.

Бұл бастаманың басты мақсаты – аз қамтылған, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы қиын отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсету. Баланың жүзі бал-бұл жанып, мектепке алаңсыз барғаны – баршаға қуаныш. Сондықтан жыл сайын дәстүрге айналған бұл акцияның қоғам үшін маңызы зор.

Акция аясында мекеменің жеке құраммен жұмыс жөніндегі аға инспекторы Динара Шахи бір отбасының екі баласына мектеп сөмкесі мен оқу құралдарын табыстады.

– Биыл ұлым екінші сыныпқа, қызым бірінші сыныпқа барады. Баланың қалауын орындап, мектепке қамдану – әр ата-ананың парызы. Дегенмен, дайындықтың қалтаға салмақ түсіретіні жасырын емес. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткен мекеме ұжымына алғыс айтамын. Балаларым қатты қуанып қалды, – дейді жалғызбасты ана.

Бұл акцияның құндылығы тек материалдық көмекпен шектелмейді. Рухани қолдау мен қамқорлықты сезінген бала білімге ынталана түседі. Сондықтан мекеме қызметкерлері осындай игі істен қалыс қалмай, балалардың шат-шадыман болуына өз үлестерін қосуға әрдайым дайын.

Шын мәнінде, баланың қуанышынан асқан бақыт жоқ. Ал кедергісіз білім алу – олардың жарқын болашағының берік іргетасы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру