Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде ерекше психологиялық тренинг өтті

ҚАЖД мекемесінде ерекше психологиялық тренинг өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде өзгеше форматтағы психологиялық тренинг ұйымдастырылды.

"Ертегілер елінде" атты бұл шараны мекеме психологы Ақгүл Аманова жүргізіп, жазасын өтеушілерге рухани қолдау көрсетуге бағыттады. Тренингтің басты мақсаты – қатысушылардың ішкі жан дүниесіне үңілу, үміт пен сенім отын жағу, сондай-ақ балалық шақтағы әсерлі естеліктер арқылы рухани демеу беру болды.

Шара барысында сотталғандар бала кезіндегі естеліктерін еске алып, жүректерінде сақталып қалған ертегілермен бөлісті. Олар бала күнінде тыңдаған немесе оқыған ертегілерді еске түсіріп, ондағы кейіпкерлердің тағдырын өз өмір жолдарымен салыстырып, терең ой түйді. Ертегі желісімен жақсылық пен жамандықтың ара-жігін ажыратып, өмірлік сабақтар туралы пікір алмасты.

Психолог Ақгүл Аманова тренингтің тәрбиелік және рухани маңызын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір адамның өмірінде қиындықтар кездеседі, алайда ең бастысы – үміт пен сенімді жоғалтпау.

– Әр нәрсенің өз орны бар. Өмірде сүріну де, қайта тұру да – табиғи құбылыс. Маңыздысы – жүректе үміт отын өшірмеу, – деді маман.

Тренинг соңында қатысушылардың бірі:

– Бүгін балалық шағыма қайта оралғандай болдым. Ұмыт болған ертегілерді еске түсіріп, сол шақтағы арман-қиялдарымды қайта сезіндім, – деп өз әсерімен бөлісті.

Мұндай тренингтер жазасын өтеушілердің ішкі жан дүниесіне оң әсер етіп, олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ететіні сөзсіз. Ертегі – тек балалар үшін ғана емес, ересектер үшін де сарқылмас рухани қазына. Оның тәрбиелік мәні мен үмітке жетелейтін құдіреті – баға жетпес құндылық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру