Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға психологиялық қолдау көрсетілді
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға психологиялық қолдау көрсетілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде сотталған азаматтардың психологиялық жай-күйін тұрақтандыруға бағытталған арт-терапия сабағы ұйымдастырылды. Шараны мекеме психологы Ақгүл Аманова өткізді.
Арт-терапия – адамның ішкі жан дүниесін сурет арқылы жеткізуге мүмкіндік беретін тиімді психологиялық әдістердің бірі. Бұл тәсіл арқылы мамандар сотталғандардың эмоциялық жағдайын анықтап, олардың ішкі күйзелісі мен психологиялық ерекшеліктері туралы маңызды ақпарат алады.
Сабақ барысында сотталғандар маманның көмегінсіз өз беттерінше еркін тақырыпта сурет салып, оны сипаттап берді. Осындай жұмыстар арқылы олар өз ойлары мен сезімдерін бейнелеуге мүмкіндік алды.
Сот үкімімен мекемеге жазасын өтеуге келген Самат есімді азамат өз ішкі күйзелісін сурет арқылы жеткізді. Оның айтуынша, сот үкімін қабылдау оңай болмаған. Алайда психологпен жүргізілген жұмыс нәтижесінде оның психологиялық жағдайы жақсарып, үміті қайта жандана бастаған. Ол салған ағаштың суретін болашаққа деген сенімнің белгісі ретінде сипаттап, өмірінің ағаш жапырағындай жайқалып, жарқын болғанын қалайтынын жеткізді.
Психолог Ақгүл Аманованың айтуынша, арт-терапия сотталғандардың ішкі сезімдерін ашуға және оңалту процесін тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.
— Арт-терапияға қатысатын азаматтар көбінесе өз сезімдерін сөзбен жеткізе алмайды. Ал сурет арқылы олардың шынайы эмоцияларын, жасырын қорқыныштары мен ішкі толғанысын байқауға болады. Бұл бізге әрбір сотталғанға жеке психологиялық қолдау көрсетіп, оңалту жұмысын тиімді жоспарлауға көмектеседі. Бүгінгі сабақта қатысушылар ағаш, үй және басқа да бейнелерді салып, өз ішкі әлемін сурет арқылы жеткізді. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады, – деді маман.
Мұндай психологиялық жұмыстар сотталған азаматтардың эмоционалдық тұрақтылығын қалыптастыруға, ішкі күйзелісті жеңуге және олардың қоғамға бейімделуіне оң әсерін тигізеді.
