Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде сотталғандарға психологиялық терапия өткізілді

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №60 мекемеде жазасын өтеушілерге психологиялық терапия өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі психологиялық қызметтің жұмысын жетілдіру және сотталғандарға психологиялық қолдау көрсетуді күшейту мақсатында жоспарлы іс-шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Осы бағытта №60 мекеменің психологтары кезекті терапиялық сабақтарын өткізді.

Қазіргі таңда адамның психологиялық жай-күйіне көңіл бөлу ерекше маңызға ие. Күйзелісті жеңілдетудің тиімді тәсілдерінің бірі – құм терапиясы. Бұл әдіс адамның ішкі дүниесін тыныштандырып, эмоциясын бейнелеу арқылы босатуға мүмкіндік береді.

Құм терапиясы – арнайы жәшікке салынған ұсақ құмның көмегімен түрлі бейнелер мен пішіндер жасау арқылы жүргізілетін психологиялық тәсіл. Мұндай жаттығулар кезінде адам өзінің сезімін, қорқынышын немесе арман-тілектерін бейсаналы түрде сыртқа шығара алады. Құмның табиғи қасиеті адамның ішкі тепе-теңдігін қалпына келтіруге ықпал етеді. Саусақ ұштарымен салынған әрбір сурет адамның ойы мен көңіл-күйін бейнелейді.

Мекеме психологтарының айтуынша, бұл әдіс сотталғандардың психологиялық тұрақтылығын нығайтып, олардың ішкі жан дүниесін сауықтыруға айтарлықтай әсер етеді. Құм бетінде пайда болған бейнелер мен пішіндер арқылы мамандар әр сотталғанның эмоционалдық жағдайына талдау жасап, алдағы психокоррекциялық жұмыстар жоспарына қажетті тәсілдерді енгізеді.

Осындай қарапайым, бірақ тиімді терапиялық әдіс жазасын өтеушілерге өз ішкі әлемін тануға, эмоцияларын бақылауға және рухани тыныштық табуға көмектеседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру